Маңғыстау облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мерекелік шара өтті. Шараға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев және облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты. Маңғыстаулық бірнеше азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы тұрғындар мен шара қонақтарын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, өңірдің 30 жылда жеткен жетістіктеріне тоқталды.
«Статистикалық деректерді келтіретін болсақ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жалпы ішкі өнім 2 млрд 200 млн теңге болса, қазіргі таңда облыстың ЖІӨ 3 трлн 1,1 млрд теңгеге жетті. Облыста 350 білім беру ұйымы салынды. Облыста 95 пайыз жол сапалы, халықтың қажеттілігіне жарайтын деңгейде. Халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету Тәуелсіздік жылдары басында 30 пайызды құраса, қазіргі таңда 98 %-ды құрайды. Газбен қамтамасыз ету 90-жылдары 16 % - ды құраса, қазір 99 %-ды құрап отыр. Мұның барлығы – ардақты ардагерлер, қатардағы мамандар, сіздердің Елбасы мен Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында берген тапсырмаларын сапалы деңгейде орындауларыңыздың дәлелі. Тәуелсіздігіміз мәңгі, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Содан соң Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа сөз берілді. Ол өңірлерді дамыту бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты арнайы жоба жасақталғанын атап өтті. Аталған жобаны орындауға 7,5 трлн теңге бөлінетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ Маңғыстау өңірінде атқарылатын алдағы жұмыстарға тоқталды.
«Маңғыстау өңірі үшін елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету өзекті мәселенің бірі. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін қалалар мен ауылдарда ауыз су мәселесін 100 пайыз шешуді тапсырып отыр. Еліміздің ішкі байланысын күшейту мақсатында ішкі көлік желісін дамытуға республикалық маңызы бар 11 мың және жергілікті маңызға ие 27 мың шақырым жол салынып, қайта жаңғартылады. Бұл Маңғыстаудың көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттырады. Сонымен қатар барлық қаржыландыру көзі есебінен алдағы жылда 237 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсарту көзделіп отыр. Маңғыстауды көркейтіп, өркендету Президенттің тікелей бақылауында», - деді өз сөзінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Салтанатты шара барысында тәуелсіздік жылдары әр сала бойынша нәтижелі еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқан өңір азаматтары «Құрмет», «Парасат», «Шапағат», «Ерен еңбегі үшін» ордендерімен және Президенттің «Құрмет грамотасымен», Алғыс хаттармен марапатталды.
Марапат алғандардың бірі – Гүлжанат Өтеубаева. Ол білім беру саласында 40 жылға жуық еңбек еткен. Қазіргі таңда мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеп, балабақша жұмысын үйлестіріп жүрген маман.
«Мен еңбек жолымды қарапайым мұғалім болып бастадым. Көптеген еңбек сатысынан өтіп, қоғамдық жұмыстарға араластым. Қазіргі таңда бірнеше балабақшаны басқарып, балалардың білімге қызығушылығын арттырып жүрген ұстаздардың бірімін. Асыл бабалар аңсаған тәуелсіздікті көру – бүгінгі ұрпаққа, сіз бен бізге бұйырған зор бақыт. Осы бақытты түсініп, бағалаған барша қазақстандық елімізді көркейтіп, ел мен жерді дамыту мақсатында аянбай еңбек етіп жүр. Біз бүгінгі жетістіктерге Елбасының сарабдал саясаты мен халқымыздың ауызбіршілігінің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!», - деді «Ерен еңбегі үшін» медалін алған Гүлжанат Өтеубаева.
Шара соңы мерекелік бағдарламаға ұласты. Маңғыстаулық өнерпаздар ән салып, би билеп, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА