Кеше облыс әкімі С.Трұмов Республикаға белгілі сазгер, музыкант, ардақты ұстаз Марат Ордабаевты қабылдап, мерейлі жасымен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Саналы ғұмырыңызды өнердің өркендеуіне, жастарды музыкаға баулуға арнап, тынбай еңбек еттіңіз. Сіздің тыңдарманның жүрегіне жетіп, көңілінен шыққан әндеріңізді бағалаймыз, өнеріңізді құрметтейміз. Маңғыстаулықтардың атынан 60 жасқа толған мерейлі жасыңызбен шын пейілмен құттықтаймын. Өмірдің барлық бақыты мен баянын, балаларыңыздың қуанышы мен еңбегіңіздің ырзығына кенеле беруіңізді тілеймін!», - деді облыс әкімі С.Трұмов.
Марат Самалайұлы Гурьев педогогикалық институтының музыка және ән факультетін бітіріп, туған жерінде еңбек етті. Балаларға ән-саз пәні мұғалімі бола жүріп, шәкірттерінің музыкалық сауаттылығын арттырып, ән, жыр-терме айтудың қыр-сырын үйретті. Ол ұстаздық ете жүріп, жүзге жуық жеке шығарма жазды.
Ел ықыласына бөленген «Қарақат көздер – ай», «Досқа наз», «Аяулым», «Ақтауым ару әз – мекен», «Сен келерсің» әндерін елімізге белгілі әншілер орындайды. 2009 жылдан бері Республикалық авторлар құқығын қорғау қоғамының мүшесі.