Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров Ақтау қаласындағы Әзірбайжан Республикасының Бас консулдығының басшысы Эльмар Маммадовты, "Caspian Energy Club" компаниясының төрағасы және бас директоры Тельман Әлиевті, "Caspian Service" және "Әзірбайжанның Қазақстан Республикасындағы Сауда үйі" компанияларының құрылтайшысы Рагим Сұлтановты қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесуге сондай-ақ "Caspian Energy Club" компаниясының қамқорлығымен келген бизнес-делегациялар қатысты.
Тараптар инвестициялық мүмкіндіктер мен өңіраралық кәсіпкерлікті дамыту перспективаларын, экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Биыл Маңғыстау облысының Әзірбайжан Республикасымен сыртқы сауда айналымы — 41,9 млн АҚШ долл., оның ішінде экспорт — 29,9 млн., импорт 12 млн. болды.
Қазіргі күні облыс экономикасының түрлі саласында Әзірбайжан капиталының қатысуымен 199 кәсіпорын тіркелген.
Кездесу соңында тараптар нақты жобаларды іске асыру үшін ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді. Әзірбайжан делегациясы кәсіпкерлікті қолдауға қосқан үлесі үшін алғыс хат табыс етті.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында да Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығы басшысының, Әзербайжан Республикасы мен Маңғыстау облысының бизнес өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Жиынға қатысушылар Әзірбайжаннык да, Қазақстанның да бизнес өкілдерінің қызметімен танысып, өзекті мәселелері талқыланды.