Аймақтағы сауда нысандарынан 3145 өнімнің сынамасы іріктеп сатып алынып, зертханалық тексеруден өтті. Оның ішінде отандық өндірушілердің тауары – 20%, шетелдік өнім – 80% құрайды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Жарасхан Саламатова мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, жыл сайын халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды анықтау мақсатында департамент тарапынан тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады.
-Мониторинг барысында, іріктелген сынамалардың 8,2% кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Отандық өнімдер бойынша сәйкессіздік көрсеткіші – 16%, шетел өнімдерінің сәйкессіздігі - 84%. Сәйкессіздіктердің басым бөлігі, 80,1%-ы таңбалау көрсеткіштерінің бұзушылығына қатысты. Яғни өнім өндірушінің атауы мен орналасқан жері, шығарылған күні, сақтау мерзімі, қаптаманың сәйкессіздігі, мемлекеттік тілдегі ақпарат және КО-ға мүше мемлекеттердің нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісі көрсетілмеген, - деді Жарасхан Саламатова.
Сондай-ақ, сәйкессіздіктің 1,2% - микробиологиялық көрсеткіштерінің, 10,3% - физикалық-химиялық көрсеткіштердің, 0,4% - тұтынушыларды алдау сәйкессіздігіне тиесілі болса, 1,5% өзге көрсеткіштері бойынша, ал 6,5% жағдайда өнімдердің сақтау мерзімі өтіп кеткен.
Анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне 57 ұйғарым беріліп, кемшіліктерді жою жолдары түсіндірілді. Жалпы сомасы 275 670 теңге көлемінде айыппұлдар салынып, 693,83 кг. қауіпті тағам өнімдері сатылымнан алынды.
Зерттелген сынамалардың жалпы санынан сәйкессіздіктер ет, құс және балық өнімдерінде, сүт, май өнімдерінде, ұн, кондитерлік өнімдерінде, минералдық суда, көкөністерде, жемістерде және өндірістік тауарларда (тек таңбалану көрсеткіштері бойынша) анықталды.