Маңғыстауға Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов пен "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Делегация өкілдері Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Құттықовпен және Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Бек Аметовпен кездесті. Кәсіпкерлерге мемлекеттік органдардың жасайтын іс-әрекеті, заңсыз тексерулері мен әкімшілік кедергілерге ұшырауы жайында мәселені талқылады.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы ғимаратында бірқатар бизнес өкілдерін жеке қабылдады. Омбудсменмен кездесуге 10 шақты кәсіпкер мүмкіндік алды.
Мәселен, "Айдана-ИК" ЖШС-і өкілдері мемлекеттік сатып алуға байланысты мәселесін жеткізді. Мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қосымша келісім жасасуға және қол қоюға көмектесуді сұрап, мемлекеттік органдар тарапынан қолданысқа берілген нысанның құрылысын шұғыл қаржыландыру туралы мәселені шешуді сұрады.
Бұл мәселеге омбудсмен тікелей араласып, облыс әкімі деңгейіне дейін көтеріп, мәселенің оң шешілуіне ықпал ететініне уәде берді. "Каскор-Машзавод" ЖШС форс-мажор жайларына байланысты араша сұрады.
«Біз форс-мажор жағдайына байланысты арнайы сетификатқа қол жеткізе алмай келеміз. Соның салдарынан мұнай компанияларындағы тапсырыс берушілердің тауарлары уақытылы қолдарына тимей отыр. Компаниялар соған байланысты қомақты айыппұл салады. Біздегі қиындық - Ресейдегі ахуалға байланысты тиісті құжаттар келмей жатыр. Саяси жағдай реттелмейінше, тапсырыс та орындалмайтын түрі бар», - деді серіктестік өкілі.
Енді аталған мәселе бойынша тапсырыс беруші мұнай компанияларына арнайы хатпен шығып, форс-мажор жағдайы түсіндіріліп, айыппұлдардың кешірілуіне қадам жасалатын болды.
Кәсіпкерлермен кездесуден соң Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов пен "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен де кездесті. Маңғыстаулық іскерлердің түйіткілді мәселелерін облыс басшысына жеткізді. Жергілікті деңгейде мәселелер оң шешімін таппақ.