Бүгін, 7 желтоқсан күні аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында Маңғыстау ауданының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын таныстырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының 10 бағытын атап өтті. Соның бірі - ауыз су. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес аудан бойынша 5 елді мекенге су тұшыту қондырғысы мен су қоймасын салу жұмыстары жүріп жатыр.
- Жоспарларға тоқталатын болсақ, білім саласы бойынша 19 мектепке еңбек кабинеті қажет. 17 мектепке ашық спорт алаңы, оқушыларды мектепке тасымалдауға 8 автобус керек. Құрылыс саласына келсек, Жыңғылды ауылынан салынып жатқан спорт залға биыл 453,9 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Шетпе ауылындағы 2 қабатты 26 пәтерлі шағын отбасылық ғимаратты қайта құрылымдау жұмыстары да жалғасуда, - деді Ғалымжан Ниязов.
Ал Ақшымырау ауылындағы «Қаралда балуан» спорт кешені, Шайырдағы «Қызғалдақ» бала бақшасы, Тиген елді мекеніндегі медициналық пункт, Жармыш ауылдық мәдениет үйі сынды ғимараттар қайта жөндеуді, кеңейтуді, абаттандыруды қажет етіп тұр.
Автокөлік жолдары бойынша Шетпе-Қызан автокөлік жолын қайта құрылымдау, Шетпе ауылы Ащыбұлақ шағын ауданындағы автокөлік жолының құрылысы, Шебір ауылішілік автокөлік жолы, Отпан тауына кіре беріс автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев ең алдымен жұмыссыздық, ауыз су, мектеп сынды мәселелерді шешу керектігін атап өтті. Ол үшін қарастырылған қаражатты да ең алдымен әлеуметтік салалардың негізгісіне жұмсау қажет.
- Облыс бойынша қаражат бөлу керек сала жеткілікті. Ең алдымен жылу, сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жасалуы керек. Жоспарда көрсетілген салалардың ең басты дегендері айқындалып, талқыланып, әрі қарай жасалатын жұмыстар тағы бір пысықталуы қажет. Бүгінде уақыттың, қоғамның талабы күннен-күнге артуда. Сондықтан кезек күттірмейтін, халыққа күнделікті қызмет ететін салалар жандануы керек, - деді Нұрлан Ноғаев.
Айта кетейік, жиынға Маңғыстау ауданы әкімдігінің бөлім басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депуттары, ауданға қарасты барлық ауыл әкімдері қатысты.