Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасымен ауылшаруашылығы саласына жауапты орынбасары Ғ.Ниязов бастаған жұмыс тобы кеше Ақтөбе облысына барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мақсат – Маңғыстаудағы шаруалардың жеке төрт түлігіне қажетті мал азығын қамдау, көрші өңірдің кәсіпкерлерімен келісіп, өңірге жем-шөп жеткізуді ұйымдастыру болатын.
Жұмыс тобының құрамында Маңғыстаудың бес аудан әкімінің орынбасарлары мен облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы бар. Маңғыстаулық делегация алдымен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасарымен кездесіп, арнайы меморандум жасасты, шөп шабындығына байланысты келісімге келді.
Мұнан соң сапар Ақтөбе өңірінің аудандарында жалғасты. Бейнеу мен Байғанин ауданы, Түпқараған ауданы - Темір ауданымен, Мұнайлы Алға ауданымен, Қарақия мен Мұғалжар ауданы, Маңғыстау ауданы Қобда ауданының өкілдері бірлесе жұмыстарын бастап кетті. Ертең жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, шабындық жерлерді аралап, техникаларымен танысады.
«Сапар барысында тиімді келісімдер жасауға жұмыстанамыз», - деді маңғыстаулық жұмыс тобы.