©
Бүгін Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков эко-амбассадор Әділбек Қозыбақовты қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқарма басшысы Дүйсен Құсбеков табиғи ортаны жақсарту бағытында бірқатар оң өзгерістердің барын, сонымен бірге кемшіліктердің де жоқ еместігін атап өтті. Ол өңірдегі қатты-тұрмыстық қалдықтар, полиоондарды экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіру, жануарлар әлемі және өсімдіктер дүниесін сақтау салаларына тоқталды. Сонымен бірге тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру және волонтерлердің қоршаған ортаны қорғауға арналған шараларды ұйымдастыру керек екендігін алға тартты.
Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, эко-амбассадор Әділбек Қозыбақов өңірдегі бірлескен экологиялық жобалардың жүзеге асырылуына серпін беруге және экология саласындағы бастамалар үнемі көңіл бөліп отыруға және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған барлық шаралардың басы-қасында жүруге дайын екендігін жеткізді.
Осы ретте Дүйсен Құсбеков эко-амбассадор Әділбек Қозыбақовқа алдағы жұмыстарына сәттілік тілей отырып, бірге жұмыс істейтінін тілге тиек етті.
Айта кетейік, Әділбек Қозыбақов – өңірге белгілі биолог әрі тәуелсіз эколог. Сонымен қатар "Табиғи орта" Батыс Қазақстан бойынша ҮЕҰ аймақтық қауымдастығы кеңесінің төрағасы, «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы» РҚБ Маңғыстау филиалының жетекшісі, Орталық Азия бастамасының аймақтық үйлестіру комитетінің мүшесі. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың төрағалығымен өткен республикалық бірінші эко-слетке қатысып, Маңғыстау облысының эко-амбассадоры атанған болатын.