©
Жақында Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың төрағалығымен бірінші республикалық эко-слеті өтті. Шарада маңғыстаулық тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов Қазақстандағы экология амбассадоры атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Эко-слетке әр аймақтан келген қоғам белсенділері, волонтерлер, мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Ал Маңғыстау облысынан биолог әрі тәуелсіз эколог, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан бойынша ҮЕҰ аймақтық қауымдастығы кеңесінің төрағасы, «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы» РҚБ Маңғыстау филиалының жетекшісі, Орталық Азия бастамасының аймақтық үйлестіру комитетінің мүшесі Әділбек Қозыбақов барды. Онда қоқыстарды сұрыптау, қатты-тұрмыстық қалдықтарды тұтынуды жəне олардың пайда болуын азайту, экологиялық сана мен тәрбиенің маңызы, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтау, экологиялық заңды бұзушылармен бітіспес күрес секілді маңызды мәселелер талқыланды.
«Расында да экологиялық сананы өзгертпей табиғатты құрдымға жіберіп алу оп-оңай. Бұл проблема тек мемлекеттің мүддесі болуы тиіс, қарапайым тұрғындар бұған бас ауыртуға міндетті емес деген пікірден арылу қажет. Қоршаған ортаны қорлау емес, қорғауды үйренуіміз керек. Бір Маңғыстаудың өзінде экологиялық мәселелер жетіп артылады. Ал экологиялық ахуалды жақсартуға әр адам өзінің үлесін қосса, қасиетті Маңғыстау ең таза әрі қауіпсіз өңірге айналары сөзсіз», - деді Әділбек Қозыбақов.
Енді экологиялық жобалар мен бастамалардың жүйелі орындалуын әр өңірдің экология амбассадорлары қадағалап отырады.
Сондай-ақ биыл «Волонтерлер жылы» аясында министрліктің «Birgemiz: Taza Álem» атты жалпыұлттық жобасының іске асырылуы жоспарланды. Соның нәтижесінде экология саласындағы волонтерлердің деректер базасы жасалады және «Taza Alem» атты волонтерлерді әдістемелік қолдау орталығы құрылмақ.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА