Бүгін Ақтауда «Ақ бидай» республикалық ауыл спорты ойындарының ашылу салтанаты өтті. Жарысқа 14 облыстан 2 000-ға жуық спортшы келген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Қазіргі таңда барлық аймақта тұрғындардың спортпен айналысуына жағдай жасалып келе жатыр. Жаңадан спорт ғимараттары бой көтеруде. Қаладағы ашық алаңдар мен көшелерге бұқаралық спортты дамытуда жүйелі жұмыстар орындалып жатыр. Оны өздеріңіз көріп, біліп жүрсіздер. Соның нәтижесінде әр облыста спортпен тұрақты айналысатын адамдар саны 30-35 пайызға тең. Жаһандану заманында спортты насихаттап жүрген – өздеріңіз. Осы ретте жас ұрпақты, қоғамды спортқа шақырып қана қоймай, көпке үлгі болып жүрсіздер. Міне, біз бұған куәміз. Бүгін «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарына қатысу үшін жиналған спортшыларға алғысымды білдіремін. Әділ жарыста үздіктер қатарында көрінулеріңізге тілекшіміз. Жарыс әділ өтсін! Сәттілік!» - деді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы.
Содан кейін ҚР мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжановқа сөз берілді.
Әрі қарай салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Еске сала кетейік, жарыс 11 қазан күні басталды. 20 қазанға дейін жалғасады. Жарыста бақ сынайтын қатысушылар кәсіпқой спортшы емес, тек салауатты өмір салтын серік еткендер. Олар теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, гір спорты, қол күрес, үстел теннисі және жазғы президенттік көпсайыс, кикбоксинг сынды 14 спорт түрінен сынға түседі.
«Жарыстың алғашқы күні аударыспақ ұлттық спорт ойынына қатыстым. Жарыс жоғары деңгейде, әділ өтіп жатыр. Дәл осы екпінмен әрі қарай жалғасуын сұраймыз. Себебі, жарыс қазақтың ұлттық ойынын көтеруге, дәріптеуге мүмкіндік береді. Аударыспақ – ат үстіндегі күрес, оған кез келген адам шығып, күресе алмайды. Күш, ақыл, айла керек. Біздің команда аударыспақ спортынан қола жүлдеге ие болды. Қарсылас командалар осал болмады», - деді Ақмоладан келген қатысушы Бақберген Қабыл.
Ал Маңғыстау облысынан шағын футболға қатысушы команда алғашқы күні ширек финалға жолдама алып үлгерген.
«Біздің команда Маңғыстау ауданынан келді. Шағын футбол спортынан облыс намысын қорғап жатыр. Кеше Жамбыл облысынан келген спортшылармен тең ойнасақ, бүгін ақтөбелік команданы 4:2 есебімен ұттық. Ертең Ақмола облысы командасымен ойнаймыз», - дейді маңғыстаулық спортшы Жарас Нұрасылұлы.
Айта кетейік, аталған жарыс биыл VII рет өтіп жатыр. 2000 жылдан бері төрт жыл сайын Астана қаласында өткізіліп келген. Ал 2017 жылы республикалық ауыл спорты ойындарының туы Ақтөбе облысынан Маңғыстауға табысталды. Аталған жарыстың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, халық арасында ұлттық және бұқаралық спортты дамыту. Спорттық деңгейді өсіру.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН