Түпқарағандық дзюдошы Салауат Бүркітбай Талдықорған қаласында өтіп жатқан респубикалық ауыл жастарының ІV жазғы ойындарында жеңіс тұғырынан көрініп, алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығы аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындарында дзюдодан Маңғыстау облысының құрама командасы 3-орын, Түркістан облысы 2-орын, Жетісу облысы 1-орын иеленді. Команда өңірдің жүлделер қоржынына 9 медаль салды. Атап айтқанда алтын жүлдені +73 келіде Салауат Бүркітбай, күміс жүлдені, 42 келіде Рысбек Кемелбек, 66келіде Рысбек Әділбекұлы, 40 келіде Меруерт Аманкелді, қола жүлдені 36 келіде Аружан Сәрсенова, 44 келіде Шұғыла Аман, 50 келіде Жаңай Түркменбай, 55 келіде Жаллал Құрбанбаев, 60 келіде Әнуар Бижан иеленді.
Ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындарында 14 өңірдің ауылынан барлығы 3000 мыңға жуық спортшы түрлі спорт түрінен бақ сынауда. Ал дзюдо жарысына әр өңірден іріктелген 200-ге жуық спортшы қатысты.
-Мен осы Сайын Шапағатов елді мекенінде дзюдо спортын 2012 жылы мектеп жанынан ашуды қолға алған болатынмын. Содан бері шәкірттерім түрлі додаларда орын алып келуде. Жалпы қазіргі уақытта 4 шәкіртім спорт интернатында оқиды. Салауат шәкіртім жасына қарамастан облыстық түрнирлер мен қоса, республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы, - дейді спортшының жаттықтырушысы Ғалымжан Қидырсиық.
Аталған дзюдо жарысынан ІІІ орын иеленген Шұғыла Аманның жаттықтырушысы Нұр Атоевта шәкіртінің кезекті турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінгеніне қуанышын жасырмады.
Ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындары жалпы 12 спорт түрінен өтуде. Атап айтқанда, шағын футбол, волейбол, баскетбол (3*3), көгалдағы хоккей, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, армрестлинг, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес пен үстел теннисі. Жарыста өңірімізден 132 спортшы бақ сынауда. Ашылу салтанатына Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқарма басшысы арнайы барып, жас спортшыларға қолдау көрсетті. Басқарма басшысы Қанат Жұмабаевтың айтуынша, жасөспірімдердің республикалық жарыстарға қатысуы олардың патриоттық сезімін оятып, ерік жігерлерін шыңдауға жақсы әсерін береді.
Ал армрестлинг спорт түрінен өңір спортшылары 4 күміс жүлде иеленді. Атап айтқанда 36 келіде Нұрлан Ордалы, 40 келіде Көбжан Жүнбас, 45 келіде Мейіржан Абдівари, 65 келіде Әліби Амангелді.
26 шілде күні басталған жарыс 3 тамызға дейін жалғасады.