Қазақстан құрамасында бақ сынаған Маңғыстау спортшылары 4 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
13-18 қыркүйек аралығында Ташкентте «UZBEKISTAN OPEN 3» халықаралық турнирі өтті. Көрші мемлекетте 23 елден келген 683 спортшы жоғары деңгейдегі медальдар үшін бақ сынады.
Өзбекстанда өткен жарыстан төрт спортшы жеңімпаз атанды. Ересектер арасында 86 келі салмақта Шыңғыс Ысқақов топ жарды. Ал жеткіншектер арасынан үш маңғыстаулық: Мәди Махмұд, Мейіржан Сейтхан және Тынышбай Асқар жоғары дәрежелі медальдардың иегері атанды.
«Күмісті» ересектер арасында Берекет Құлқашев, жастар арасында Аманбек Еріқұл, Қанат Ахунов, жеткіншекткр арасында Диас Базар жеңіп алды.
Қола жүлдені ересектер арасында Ақжол Қосыбаев пен жастар арасында сынға түскен Нұрсәт Ғалымбекұлы алып келді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 17-22 мамыр аралығында Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатында маңғыстаулық кикбоксшылар алты медаль - екі алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алған еді.