Ақтау қаласында орналасқан гір спорты және қол күрес спорт залында пара армрестлингтен өткен Әлем чемпионатында топ жарған спортшыларды арнайы марапаттау мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік іс-шараға МО дене шынықтыру басқарма басшысы ҚанатЖұмабаев және МО білім басқарма басшысы Динара Жұмашева, «Открой своё сердце» әлеуметтік даму қоры» ҚҚ директоры Шафия Усманова, «Кеме жабдықтары және сервис компаниясының бас директоры Дмитрий Донских, Облыстық “Отбасылық үлгідегі балалар ауылы” мекемесінің директоры Айгүл Байбатырова, Маңғыстау облыстық мүгедектер спорты клубының директоры Марат Бейсенбаев, Ақтау ВС строй директоры, спорт жанашыры Сұңғат Мұңалбаев және спортшылардың ата-аналары қатысты.
Әлемдік додада ел намысын қорғаған спортшыларға іс-шара барысында мерекелік ақ дастархан жайылып, құттықтау лебіздері айтылды. Оларға ерекше құрмет көрсетіліп, мерекелік ерекше көңіл күй сыйланды. Сондай-ақ пара спортшыларға облыстық спорт басқармасынан Маңғыстау құрамасының формасы табысталды.
Айта кетейік, 24 тамыз-3 қыркүйек аралығында Алматы қаласында SАDU-arena спорт кешенін пара армрестлингтен өткен Әлем чемпионатында көру (VI), есту (HI) және тірек-қимыл аппараты зақымданған (PID, PIU, PIUH, PIDH, СPD, CPU) спортшылар қатысып, оның ішінде маңғыстаулық 9 пара спортшы жеңіс тұғырының жүлделі сатыларынан көрінді. Атап айтқанда Даулет Абдулла, Берік
Өтепберген, Алихан Дуйсенбай, Дәурен Айшуақ Әлем чемпиондары атанса, Ақылбек Данакул, Еркин Тайманов, Сержан Төлеп, Нұртуған Қожабаев күміс жүлде, Гүлнәр Үкібай қола жүлде иеленді.
Мерекелік іс-шара гір спорты және қол күрес спорт залының жаттықтырушылары мен өкілдерінің бастамасымен ұйымдастырылды.
«Әлем чемпионатынан жүлде алған
мүмкіндігі шектеулі жандар ең алғашқы жаттығуларын 3-жыл бұрын бастады. Қазіргі таңда залда 80-ге жуық мүмкіндігі шектеулі, оның ішінде көру қабілеті зақымданған, есту қабілеті зақымданған, ДЦП және тірек-қимыл аппараты зақымданған жандар айналысады. Мүмкіндігі шектеулі спортшылар күнделікті жаттығады. Қазіргі таңда 2024 жылдың наурыз айында өтетін пара армрестлингтен ҚР чемпионатына дайындықты бастап кеттік, одан кейінгі мақсат - Азия және Әлем чемпионаттарына өнер көрсету» деді гір спорты және қол күрес спорт залының басшысы Роман Исламғалиев.
Чемпиондардың жаттығатын спорт залы Ақтау қаласы 32б ш/а 11-үйде орналасқан. Спорт залда барлығы 150 спортшы және параспортшы жаттығады.