4-11 қыркүйек аралығында Астанада өткен Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалінде Маңғыстау облысынан 70-ке жуық спортшы өңір намысын қорғады. Олар бәйге мен аударыспақ додасында сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төрт жыл сайын өтетін ұлттық спорттың басты додасында өңірлер асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ спорт түрлері бойынша ең мықтыны анықтады.
Жекелей есепте Маңғыстау облысының спортшылары фестиваль аясында 1 алтын, 3 күміс, 8 қола жүлде иеленді.
Атап айтқанда “жекпе-жек” спорты бойынша Еркебұлан Сисенбаев жеңімпаз, Серікбай Ходжабаев күміс жүлдегер, Еламан Джедибаев қола жүлдегер атанды.
Құсбегіліктен ителгі бойынша Айшуақ Тайманов күміс жүлдегер атанса, бәйге спорт түрінен Бакыт Сүйесінов күміс жүлдегер, Айбар Қазбек қола жүлдегер атанса, қазақ күресі бойынша Нұрдаулет Жарлығапов,
аударыспақтан Асылан Мұрат және Дарынхан Әкімжан, теңге ілуден Саясат Аманкулов, Мансур Жумыров, жамбы ату дан Марлен Өсербаев қола жүлдегер атанды.
Жарыстың қорытындысы бойынша маңғыстаулықтар жалпы командалық есепте 329 ұпаймен 8-орын иеленді.
Атап айтқанда жекпе-жек спорт түрінен 12-орын, құсбегіліктен 8-орын, жамбы атудан ату бойынша 7-орын, көкпар спорт түрінен 6-орын, тоғызқұмалақтан ерлер 11-орын , қыздар 13-орын, бәйге 4-орын, теңге ілу 7-орын, аударыспақ 5-орын, асық ату бойынша 7-орын,дәстүрлі садақ ату 10-орын, қазақ күресі 13-орынға тұрақтады.
Ұлттық спорттың 11 түрінен үздік өнер көрсеткен Түркістан облысы (574 ұпай) жеңімпаз атанды. Екінші орынды Астана қаласы (549 ұпай) алса, үздік үштікті Жамбыл облысы (460 ұпай) түйіндеді.
7 күнге созылған ұлттық спорт фестиваліне еліміздің барлық өңірінен 11 спорт түрі бойынша 1381 спортшы қатысты.
Іс-шараның жабылу салтанатында ҚР Ұлттық спорт түрлерінен VII фестивалінің жалауы Шымкент қаласына табысталды.