Маңғыстаулық спортшы Сұңғат Жұбатқан дзюдодан Еуропа кубогының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
«Winterthur Senior European Cup 2022» атауымен дзюдодан ерлер арасында ұйымдастырылған Еуропа кубогы Швейцария мемлекетінің Винтертур қаласында өтті. Жарысқа Қазақстан құрамасынан 12 спортшы ел намысын қорғады. Оның ішінде маңғыстаулық Сұңғат Жұбатқан 66 келіде 3-орынға ие болып, қола медальді олжалады. Қазіргі таңда 24 жастағы спортшы «Жас батыр» балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы.
Сұңғаттың бапкері Манарбек Бисекеновтың айтуынша спортшы жарыс барысында Украина, Марокко, Германия елдерінің спортшыларымен белдесуде жеңіске жетсе, жартылай финалдық кездесуде белгиялық спортшыға ұпай санымен есе жіберді. Ал, үшінші орын үшін өткен белдесу барысында Италия мемлекетінің спортшысын жеңіп, қола жүлдегер атанды.
Жарыс барысында Қазақстан құрамасының спортшылары 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль иеленді. Аталған жарысқа 24 мемлекеттен, 206 спортшы қатысты. Жарыс 16-17 шілде аралығында өтті.