Ақтауда өтіп жатқан XII жазғы Универсиада ойындарында Yessenov University 11-орында тұр. Әзірге команда қоржынында 1 алтын, 5 күміс, 4 қола жүлде бар. Бұл туралы брифингте университет ректоры Берік Ахметов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен қатысушылар жарыс кестесі бойынша үстел теннисі, жүзу және жеңіл атлетика бойынша сынға түсті. Нәтижесінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көш бастап тұр.
ҚР білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, спорттық жарысқа елдегі ең іргелі 51 университеттен келген 3000-нан астам студент қатысып жатыр. Олар 17 спорт түрінен бақ сынауда.
- Универсиада ойындарының жеңімпаздары XXXII Дүниежүзілік Универсиадаға жолдама алады. Спорттық жарыс тамыз айында Қытайдың Чэнду қаласында спорттың 10 түрі бойынша ұйымдастырылады. Сонымен қатар қыркүйек айында Түркістан шаһарында өтетін ІІ Түркі универсиадасына да қатыса алады. Мемлекетіміздің алдында тұрған міндеттердің бірі - жас ұрпақтың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Министрлік ҚР стратегиялық құжаттарын іске асыру үшін бұқаралық спортты дамыту, салауатты, мәдени өмір салты қағидаттарын қалыптастыру, жеңіске ұмтылу, жоғары нәтижелерге қол жеткізу бойынша мақсатты жұмыс жүргізуде, - дейді ҚР білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Еске салайық, Есенов университетінің спорт кешенінде жүзу, волейбол, таэквандо, шахмат, тоғызкұмалақ ойындары өтуде. Еркін күрес, дзюдо, грек-рим, қазақ күресі, әйелдер күресі – «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде, баскетбол, футзал, бокс – «Халық-Арена» спорт сарайында, волейбол – «Батыр» спорт кешенінде, бадминтон – «Жас қанат» спорт кешенінде, каратэ – «Волна» спорт кешенінде өтеді.
24 мамыр күні басталған универсиада ойындарының ашылу салтанаты бүгін 19:00-де өтеді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА