Маңғыстаулық спортшы Майис Алиев еркін күрестен өткен Азия чемпионатында үшінші орын алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спорттық додаға 61 келі салмақ дәрежесінде Маңғыстау облысының күрес бойынша ОРМБЖМ (олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі) спортшысы Майис Алиев қатысып, қола жүлде жеңіп алды. Спортшының жаттықтырушысы Роман Ахмедхановтың айтуынша, Майис қола жүлде үшін күресте қырғызстандық балуанды 8:0 есебімен жеңді. Қазіргі таңда Майис Каспий өңірі «Болашақ» колледжінің студенті. Майис 20 жасқа дейінгі спортшылар санатында күресті.
Бахрейн мемлекетінің Манама қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 15 жасқа дейінгі U15 және 20 жасқа дейінші U20 жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Чемпионатқа 12 мемлекеттен спортшылар қатысқан. Атап айтқанда Иран, Индия, Қазақстан, Жапония, Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия, Корея, Ирак, Тайпей(Қытай), Тәжікстан, Иордания мемлекеттерінен келген спортшылар бар.