Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев ҚР KWF кекушинкай каратэ-до федерациясының президенті маңғыстаулық Мақсат Мұқашты қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, KWF кекушинкай каратэ-додан әлем кубогының күміс жүлдегері Шынтай Райымбек және жаттықтырушысы Берекет Нұрбаевты облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Қыркүйек айының 24-26 күндері Жаңаөзенде алғаш рет кекушинкай каратэ-додан Азия чемпионаты өтеді. Шараға Азия құрлығындағы 12 мемлекет қатысады. Олардың қатарында Жапония, Корея, Қытай, Ирак, Иран, Сирия, Непал т.б елдері бар.
Жуырда маңғыстаулық Шынтай Райымбек Испанияның Валенсия қаласында өткен «VI World Cup IFK Valencia» Әлем Кубогында 16-17 жас аралығында 65 келіге дейінгі салмақта қатысып, Әлем кубогының күміс жүлдегері атанған болатын.
Айта кетсек, елімізде KWF кекушинкай каратэ-до федерациясы 2007 жылы құрылған. Бүгінгі таңда федерацияда Республика бойынша 120-дан астам жаттықтырушы бар және 10 мыңға жуық оқушы тәлім алуда. Осы күнге дейін 300-ден астам оқушы «ҚР спорт шебері», ал 15 оқушы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын алып үлгерген. Соның ішінде Маңғыстау облысының спортшылары көш басында тұр.