Ақтау қаласында 2010 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жарыста маңғыстаулық спортшылар топ жарды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Ел біріншілігінде Маңғыстау облысының олимпиадалық резервтегі мамандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары топ жарып, ҚР чемпионы атанды.
-Ел чемпионаты Ақтау қаласында екінші рет ұйымдастырылуда. Өте жоғары деңгейде өтті. Былтыр 2007 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен болатын. Ал чемпиондық атақты маңғыстаулық спортшылар соңғы рет осыдан 20 жыл бұрын жеңіп алған еді. Биыл чемпиондық атақты жаңартты. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Тамаша жетістік, - деді Маңғыстау облыстық футбол федерациясының басшысы Марат Такенов.
Айта кетсек, 2010 жылы туған чемпиондардың жаттықтырушысы Руслан Бесенгалиев. Қазіргі таңда футболдан олимпиадалық резервтегі мамандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде 700-ден астам спортшы бар.
Чемпионат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт комитетінің күнтізбелік жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Жарысқа ҚР түкпір-түкпірінен 9 командадан 200-ге жуық спортшы қатысты. Қатысушылар Қарағанды, Ақтөбе, Тараз, Павлодар, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Қостанай қаласынан келген.
2010 ж.т. жасөспірімдер арасындағы футболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты финалдық кезеңінің қорытындысы бойынша 1-орын Ақтау қаласының ОРМБЖМ (олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі) командасы, 2-орынды Нұр-Сұлтан қаласының №8 ОРМБЖСМ(олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі) командасы, ал 3-орынды Қостанай қаласының БЖСМ (балалар және жасөспірімдер спорт мектебі) командасы иеленді.
Жарыс 2-9 шілде аралығында Ақтаудағы «Жас Қанат» стадионында өтті. 8 шілде күні амфитеатр алаңында спорттық доданың жабылу салтанаты өтті. Жабылу салтанатына Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқарма басшысы қатысып, спортшыларды жеңісімен құттықтап, жүлдегерлерді марапаттап және басқа облыс командаларға алғысын білдірді.