Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев кеше "Қазақстан Барысы" республикалық турнирінің күміс жүлдегері Нұрдәулет Жарылғаповты қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс басшысымен кездесуге Нұрдәулет Жарылғаповтан бөлек жеке бапкері Қайрат Бурбасов, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің қатысушысы Нұрлан Қайыпбергенов келді.
Облыс басшысы Маңғыстау облысының атынан шығып, жеңіске жеткен спортшыларды құттықтап, алғысын білдірді.
- Облыс намысын абыроймен қорғаған спортшыларға алғысымды білдіргім келеді. Өйткені спорт-денсаулық, спорт-руханият, спорт - патриотизм. Спортпен шұғылдану - табандылықты, алға қойған мақсатқа жетіуде жеңіске деген ұмтылысты талап етеді. Сіздердің жеңістеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі, - деді Нұрлан Ноғаев.
Биыл Маңғыстау облысының атынан "Қазақстан барысы" республикалық турниріне Бейнеу ауданының балуаны Нұрдәулет Жарылғапов пен Мұнайлы ауданының спортшысы Нұрлан Қайыпбергенов қатысты. "Қара бура" лақап атымен танымал Нұрдәулет Жарылғапов күміс медальға ие болды.
Кездесу соңында облыс әкімі "Қазақстан Барысы-2022" қатысушылары Нұрдәулет Жарылғапов пен Нұрлан Қайыпбергеновке, сондай-ақ жаттықтырушы Қайрат Бурбасовқа алғыс хаттар табыс етті.