Бекет-ата жерасты мешіті маңында олардың көліктері батып қалған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ТЖД-ға сілтеме жасай отырып.
ТЖД құтқарушыларына Қарақия ауданының ТЖБ-нан қоңырау түскен. Жаңаөзен қаласынан 120 шақырым жерде, Бекет-Ата жер асты мешітінің аумағында нөсер жауын салдарынан шамамен 12 көлік батып қалған. Ішінде 24 адам (шет мемлекеттердің туристері) бар.
Сағат 11:37-де құтқару үшін Маңғыстау облысының ТЖД-дан 1 бірлік техника мен 4 қызметкер, "Өзенмұнайгаз" АҚ-тан 1 бірлік техника (Камаз) және 2 қызметкер шықты.
Сондай-ақ 13:30-да ТЖД-дан тағы 1 бірлік техника мен 4 қызметкер және "Өзенмұнайгаз" АҚ-дан 1 бірлік техника (Камаз) және 1 қызметкер шықты. 12 көліктің төртеуі балшықтан өз күшімен шықты. Қалғандарына көмек көрсетілді.
15:40-та құтқару жұмысы толық аяқталды. Туристерге медициналық көмек қажет емес.