Ақтаудағы бірнеше спорт мектебінің дзюдо, каратэ, қазақ күресі үйірмелеріне тегін баратын балалардың ата-аналары басқармаға басшының өзін іздеп барды. Жиналған көпшілік спорт басқармасының «балалар мен бапкерлерді басқа спорт мектептеріне ауыстырамыз» деген шешіміне қарсы, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ата-аналардың сөзінше, басқарма «Маңғыстау арена» спорт кешенінде жаттығатын жас дзюдошыларды «Жас батыр», «Қарагөз», «Т.Жолдыбаев дзюдо орталығы» мектептеріне ауыстырғалы жатыр. «Толқын» спорт мектебінің спортшыларын да әр спорт түрі бойынша түрлі мектепке бөліп тастаған дейді олар. Ал жас спортшыларды өзге залға ауыстырса, қаланың екінші басына қатынау қиынға соғады дейді жұрт. Оның үстіне жолдың алыстығы оқу мен спортты қатар алып жүруге кедергі келтіретінін айтады.
- Бапкеріміз бұрынғы спорт мектебінде қалып кетейін деп тұр. Ал балам «мен бапкерімсіз бармаймын» дейді. Ұлым бұған дейін республикалық, халықаралық сайыстарда жүлделі болып жүрген еді. Баланың енді жанайын деп тұрған бағын байлап тұр. Баламды басқа спорт мектебіне ауыстырса, балаларда бәсекелестік болмайды. Ол жерде бұрыннан жаттығатын балалар онсыз да көп. Ал жарыстарға көбіне соларды жіберуі мүмкін. Ал қазір «Маңғыстау аренада» каратэ үйірмесіне баратындардың саны 25-тен көп. Мына хабардан кейін соның жартысы каратэні тастаймыз деп отыр. Оның ішінде қанша әлем чемпиондары бар, - дейді ата-аналардың бірі Камила Ахметова.
- Бізге ешқандай қаулы, бұйрық көрсеткен жоқ, тек «болды ауысасыңдар» деп ауызша айтты. Осылайша бізді еріксіз түрде ауыстырып жатыр. Біз өзіміздің спорт мектептерімізде қалуды талап етеміз. Балаларға да қиын, ата-аналарға да қиын. Біз де маңдай терімізді төккен жерден бөтен жерге бару қиынға соғады, - дейді бапкердің бірі Сүндетхан Баймағамбет.
Ашулы жиналғандардың сұрағына жауап беруге шыққан облыстың спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш сөздің төркінін алыстан бастады. Оның айтуынша, Маңғыстау облысының спорты қазір өте қиын жағдайда. Спорттық жетістіктер жылдан-жылға төмендеп бара жатыр дейді ол. Мәселен «Теннис» орталығында теннистен бөлек басқа спорт түрлерінен үйірме ашылған. Бұл мектептердегі негізгі спорт түрін дамытуға кедергі келтіріп отыр.
- Спорт мектептеріне бөлінген қаржының көп бөлігі сол мектептің негізгі бағытындағы спорт түріне емес, қосымша қосылған спорт түріне қарай ығысып кетіп жатыр. Бізде әр спорт түрі бойынша мамандандырылған мектептер бар. Сондықтан бапкерлердің барлығын нақты бағыты бар спорт мектептеріне көшіргіміз келеді. Себебі ол біздегі өңірдегі бәсекелестікті қалыптастырады. Өңірдегі спорт деңгейін көтеру үшін жүйеге осындай реформа жасаймыз, - деді Маңғыстау облыстық спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш.
Осылайша жаттықтырушылар айлық жалақыларын сақтай отырып, спортты жетілдіру топтарымен бірге спорт түріне байланысты мектептерге ауысады.
Спортшыларды іріктеп, мықты спортшыларды дайындау, бәсекелестік ортаны қалыптастыру арқылы спортты жетілдіру үшін жүйелендіру қолға алынады. Бұл процесс – облыстағы спорт түрлерінің мамандандырылған бір спорт мекемесіне жұмылдыру арқылы, спорт саласын жетілдіру, алға қойылған нәтижеге қол жеткізуге бағытталатын жоспар. Заң жүзінде спорт үйірмелер бір орталыққа біріктіріледі, алайда жаттығу орындары өзгермейді, - деп қосты Мақсат Мұқаш.
Ол үшін балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің арасында өзара 5 жылға меморандум жасамақ.
Сондай-ақ ол соңғы бес жылдағы жетістіктер бойынша Маңғыстау облысы республикада соңғы орындарда тұрғанын айтты.
Махаббат Нұржанқызы