16 қазан күні Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Спорт – денсаулық кепілі» атты ер жамағаты арасында футбол кубогы өтті. Шараға облыс бойынша 30-дан аса жамағат қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараның ашылу салтанатында ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Ануар Елжанов: «Халқымыз да «Шынықсаң – шымыр боласың» демекші дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Спорт адамды шат-шадымен өмір сүруге жетелейді. Ислам діні де адам баласын спортпен шұғылдануға, өнермен айналысуға және денсаулыққа аса мән беруге шақырады», - деген лебізін жеткізді.
«Отпан» Ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығы» ҚҚ-ның директоры Азамат Тулепов: «Бүгін тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай ер жамағаты арасында «Спорт – денсаулық кепілі» атты шара өткелі тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды», - деп атап өткен болатын.
Футбол жарысына «Достық», «Шаңырақ», «Бект-Ата» және «26 шағын аудан» командалары қатысты. 1-орынды «Бекет-Ата», 2-орынды «Достық», 3-орынды «Шаңырақ» командасы иеленді.
Жарысқа қатысушыларға діни танымдық және ағартушылық бағыттағы діни кітаптар сыйға берілді.
Айта кетейік, шағын футболдан жарыс Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.