Бүгін футзалдан Қазақстан және Әзербайжан құрамасы арасында алғашқы жолдастық кездесу өтті. Ойын 5:3 есебімен Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазақстан құрамасы үшін үш голды Эдсон соқты, ал Дуглас пенальти арқылы тағы бір голды қанжығаға байлады. Жеңіс добын Альберт Ақбалықов соқты. Бірінші тайм барысында қазақстандық құрама ойыншылары 1:3 есебімен жеңілген еді. Алайда екінші таймда ұлттық құрама ойыншылары камбэк жасап, жеңіске жетті.
Матчта жергілікті спортшылар - Райымбек Жұма, Жахангір Рашит және Ақжол Қайратұлы Ұлттық құрамада дебют жасады. Сонымен қатар «Каспий» футзал командасының ойыншысы Арнольд Кнауб та ұлттық құрамада өнер көрсетті.
Ойын соңында аты аңызға айналған Дінмұхамед Сүлейменов ұлттық құрамадағы мансабын ресми аяқтап, жанкүйерлерімен қоштасты. Ол бүгінгі ойында команданы алаңға бастап шығып, құрама сапындағы 100-ойынына қатысты. Димаш осы уақытқа дейін құрама сапында 99 матч өткізіп, 13 гол соққан.
Айта кетейік, Қазақстан әлемдік рейтингте жетінші орында, ал Әзербайжан құрамасы 13-орында тұр. Аталған кездесу 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінің Словения және Черногория командаларымен өтетін матчына дайындық аясында өтті. 8 қазан күні қазақстандықтар үшін іріктеу турнирінің алғашқы ойыны Словенияға қарсы өтеді.
Ал ертең жергілікті уақыт 16:30-да құрамалардың екінші кездесуі өтеді.