Маңғыстаулық жас спортшы Ангелина Кузьмичева полиатлоннан әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
11-16 қыркүйек аралығында Ресейдің Калуга қаласында полиатлоннан жүгірумен бессайыс бойынша әлем чемпионаты мен біріншілігі өтті. Бессайыс 60 метрге жүгіру, жүзу, граната лақтыру, ату және шыдамдылықты қамтиды. Жарыста Камерун, Үндістан, Тунис, Марокко, Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің спортшылары бақ сынады.
Жарыста маңғыстаулық Ангелина Кузьмичева Ресейдің, атап айтқанда Краснодар мен Белгородтың спортшыларынан басым түсіп, 12-13 жас аралығындағы қыздар арасында 1-орынды иеленді.
Ангелина Кузьмичева №7 мектептің 7-сыныбының оқушысы. Жаттықтырушылары – Александр Кабаргин мен Владимир Глуцкий. Қазір спортшы Ақтаудағы желкенді спорттан БЖСМ-де полиатлон бөлімінде жаттығады. Бұған дейін ол бес жыл жүзумен айналысқан.
Айта кетейік, Ангелина – Қазақстан чемпионы және әлем чемпионы. Осы жылы 14-19 сәуірде Беларусь Республикасының Могилев қаласында полиатлоннан әлем чемпионы атанған болатын.