Үй жануарларының жолға шығып көлік қозғалысына кедергі келтіргені үшін мал иелеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-баптың 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылады. 1 жыл ішінде бұл жағдай қайталанса 30 АЕК (шамамен 72150 теңге) көлемінде айыппұл салынады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысының полицейлері Ақтау қаласы мен қала маңындағы жолдарда малдың болмауын тексеру жұмысын жүргізді.
2018 жылдың 6 желтоқсанында полицейлер потрульдік рейд кезінде жол жиегінде жайылып жүрген 17 бас жылқыны анықтаған. Көлік қозғалысына кедергі келтіріп, апаттық жағдай тудырмас үшін жылқыларды арнайы қораға қамаған. Бұл қора облыс әкімдігі тарапынан арнайы дайындалыпты.
«17 жылқының иелері анықталып, оларға хаттама толтырылды. Сондай-ақ малға жарықтандырып тұратын лента тағу қажеттігі ескертілді», - деп хабарлады МО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер қазір мал ұстайтындарға түнде жарыққа шағылысатын лентаны тағу керектігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суретті МО Полиция департаменті ұсынды