Әлемді жайлаған пандемияның зардабы тимеген сала қалмады. Соның салдарынан бірталай кәсіпкердің ісі тоқтап, дамудың орнына тұралап жатқандары қаншама? Кезінде өз ісін дамытамын деп несие алып, өркендеудің орнына кеселдің кесірінен кәсібі кері кеткен аудандағы шағын және орта бизнес иелерімен кездесу өтті.
Жиынға Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев пен Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Еділ Жаңбыршин және аудан әкімі Рахат Елтизаров қатысты.
Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Тұранұлы 29 қазанда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезі өткенін баяндап, сөз тізгінін Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Еділ Терекбайұлына берді. Ол осы съезде көтерілген міндеттер мен мақсаттарға кеңінен тоқталып, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты пікірлерін ортаға салды.
– Кешегі өткен съезде көтерілген мәселелердің бірі өнеркәсіпті дамыту мәселесі болды. Өнеркәсіпті дамыту үшін импорт көзін азайту керек. Егер солардың бәрін өзімізден шығаратын болсақ, онда ол салық, жұмыс орны болып, сыртқа кететін қаржы бәрі өзімізде қалатын еді. Кеше пандемияда өздеріңіз көргендей, дәрі-дәрмек пен тек тамақ қана қажет болып қалды. Тамақтың бәрін біз сырттан әкелеміз. Бізде импорт көп. Экономикада мынадай көрсеткіш бар. Егер мемлекетке немесе аймаққа 40 пайыз тамақ сырттан келетін болса, онда ол – «катастрофа» болып есептеледі. Ал бізде екі есе апаттық жағдай. Маңғыстауда кемі 90 пайыз тамақ сырттан келеді. Сондықтан біз өте қиын жағдайда отырмыз. Сол себепті кәсіпкерлікте отандық өнімді дамыту бәрінен де маңызды, – деді Еділ Жаңбыршин өз сөзінде.
Кезегімен сөз тізгінін алған әкім Мұнайлы ауданынан түсіп отырған салық көлемі 6 млрд. теңге екенін айтты. Жаңаөзен қаласы және басқа аудандармен салыстырғанда біздің ауданда өндірістік компания жоқ. «Шлюмберже» деген компания ғана бар. Олар да қазір пандемияға байланысты өздерінің жұмыстарын тоқтатып отыр. Қазір бізде жұмыс жасап отырған тек шағын бизнес өкілдері. Олардың ішінде мейрамханалар да бар, - деп, олардың 8 айдан бері минуста жүргенінін тілге тиек етті.
«Былай тартса, өгіз өледі, былай тартса, арба сынадының» күйін кешіп жүрген кәсіпкерлер аудан әкімінің сөзінен кейін облыстан келген басшыларға өз уәждерін жеткізді.
– Пандемияға байланысты несиеге өсім көбеймейді деп айтқан. Бірақ ай сайын 150 мың теңге көлемінде өсім қосылып отыр. Әр екі ай сайын кейінге шегеріп келеміз. Мейрамхана жұмысы тоқтап тұр. Балаларымның оқу ақысын төлеу қиынға соғуда,- дейді жеке кәсіпкер Гүлзира Мурадалиева. Оны қостаған мейрамхана иелері уақыт пен адам санын шектеп жұмыс жасауға мүмкіндік берулерін сұрады.
Еділ Жаңбыршин: - Ол мүмкін емес жағдай. Пандемия кезінде ең көп таралу ошағы осы той, құдалық, отырыстардан болғаны анықталған. Сондықтан санитарлық эпидемиялогиялық талаптарды орындау керек. Жұмысы тоқтап қалған мейрамхана иелерінің мәселесін қарастыру үстіндеміз.
Ал «МясМолКорм» шаруа қожалығының иесі Қобыланды Айсазинов 90 пайыз таза жем, арпа, бидай өндіріп отырғанын айтты. Алайда оның әр келісін 100 теңгеден арзан бағаласа да өткізе алмайтынын жеткізді.
Бұл кәсіпкерге Еділ Терекбайұлы қолдау білдірді. Басқа өңірден жемді мал шаруашылығы үшін қымбат бағаға алдырғанша жолына шығын жұмсамай, осыннан алуға мүмкіндік барын айтты. Сонымен қатар кәсіпкерге өз ісінің алға жылжуы үшін маркетинг маманын алу керектігін түсіндірді. Егер ондай маман болмаса, кәсіпкерлер палатасына хабарласуды сұрап, олардың көмектесетінін құлағдар етті.
Егін шаруашылығымен айналысатын Талғат Сүлейменов қозғаған су мәселесі де сол жерде шешімін тапты. Ал Қызылтөбе тұрғыны Жадыра есімді келіншек 18 сиырды өз ауласында ұстаған. Оның айтуынша, құрт, ірімшік өнімдеріне сұраныс бар екен. Алайда ауданда ветеринар мамандардың уақытылы екпе салмайтындығынан бар малынан айрылғанына наразы. Несие алуға қорқамын, осылай сатып алған малымнан айрылып қалсам, қалай төлеймін, - дейді кәсіпкер.
Асыл тұқымды ешкі бағып, сиыр өсіріп отырған Құмар Нұрпейсова да ветеринар мамандарға өкпелі.
- Жыл сайын екпесін салып, жақсы қарап жүрген. Алайда өткен жылы барлық малымның қашып кеткенін айтып, «Зияны болмай ма?!» деп ескерттім. «Бұның еш зияны жоқ, ештеңе болмайды» деп, ешкілерім мен сиырларыма буаз болса да екпе салып кеткен. Соның салдарынан біраз ешкімнен айрылдым. Жыл сайын 120 төл алып отырдым. Осы екпенің кесірінен сол жылы 40 төл алдым. Оның 20-сы өліп қалды. Ал сиырларымнан буаз күйінде айрылдым. 5,5 млн. теңге несие алдым. Осыған кім жауапты? Менің төлеп отырған несием бар. Осыдан кейін ашуланып, ешкілеріме сырға салғызбадым. Біздің ауданға білікті ветеринар маман керек,– деді ол.
– Бұл жайға шешім айтатын ветеринар маманы емеспін. Алайда ауданға дұрыс мамандар алу керек. Нағыз болмаса, облыстық, республикалық деңгейдегі мамандармен немесе институттармен ақылдасу қажет. Мұндай жағдайға салғырттық танытпау керек, - деп тапсырды Еділ Жаңбыршин.
Кәсіпкерлерді қашанда қолдайтынын жеткізген облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Тұранұлы айтылған сауалдар мен ұсыныстарын жазбаша түрде жоғары тарапқа жолдап, шешу жолында жұмыстанатындарын айтты.
Г.БЕКАЙДАРҚЫЗЫ