Кеше Бейнеуде балаларға арналған спорт залдарының ашылу салтанаты өтті. Оның бірі Ақжігіт кентінде, екіншісі Бейнеу кентінде орналасқан. Спорт залдар "Қазақстан халқына" ҚҚ-ның "Батыр боламын!" қоғамдық қорымен бірлесе жүзеге асыратын "24 балалар спорт залы" жобасы шеңберінде ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спорт залдың ашылу салтанатына МО дене шынықтыру және спорт басқарма басшысы Қанат Жұмабаев және Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов, сондай-ақ "Батыр боламын!" қоғамдық қорының президенті Арман Уахап қатысты.
Басқарма басшысы өз кезегінде жоба ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, ауыл жастарының жобаның іске асуына көрсеткен көмегін ерекше атап өтті.
“Бүгінгі ұрпақ - біздің болашағымыз. Оларға жағдай жасау ел азаматтарының міндеті деп білемін.
Бейнеу ауданында 26 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады. 19 спорт секциясы толық қамтылған.
Қазіргі таңда 31 спорт зал жұмыс істейді. Бұл бастама жалғасын табады. Облыстағы шалғай ауылдық жерлерде спорт залдармен толыққанды қамтамасыз ету жоспарда бар. Осы шалғай ауылдардан болашақ Олимпиада, Әлем, Азия чемпиондары шығатынына сенімдімін” - деді Қанат Жұмабаев.
"Батыр боламын!" қоғамдық жобасының аясында қазіргі таңда ел бойынша 15 зал ашылды, 1200-ден астам бала қамтылған.
Жобаның мақсаты - балалар үшін спортқа қолжетімділік деңгейі төмен шалғай елді мекендерінде балалар спортының қолжетімділігін арттыру. Балаларға арналған қайырымдылық спорт залдарын ашу бойынша жобаның ерекшелігі - балалар арасында спортпен айналысу үшін жағдай жасау ғана емес, сондай-ақ спорт секцияларына баратын болашақ спортшыларды адамгершілікке тәрбиелеу, салауатты өмір салты, достық, өзара көмек, қолдау секілді құндылықтарды дәріптеу.
Бейнеу және Ақжігіт кентінде ашылған спорт залдарда спортшылар аралас жекпе-жек спорт түрлерімен жаттығатын болады.
Айта кетсек, Бейнеу ауданында аралас жекпе жек спорт түрімен 400-ден астам спортшы жаттығады, оның ішінде 50-ге жуық спортшы республикалық және халықаралық жарыстардан нәтиже көрсетіп жур.