Бейнеу ауылында жаңа оқу жылы қарсаңында Атамекен жалпы білім беретін мектебі жанынан ашық футбол алаңы ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Атамекен және Манашы мектебінің түлектерінің және ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен салынып, сыйға тартылған футбол алаңы ауыл халқын қуанышқа бөледі.
Футбол алаңының ашылуына аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы М.Болысов, ауыл әкімі Р.Тайшыбаев және спорт саласының үздіктері мен аудан тұрғындары қатысты.
2021 жылдың тамыз айында құрылысы басталған алаңның жалпы көлемі 1400 шаршы метрді құрайды.
Ашылу салтанаты қарсаңында, жаңа алаңда, Атамекен және Манашы мектептерінің бақилық болған тұлектерін еске алу турнирі өткізіледі. Ағаш үй тігіліп, тұрғындарға ас берілді және де ауыл ақсақалдарына шапан жабылды.
Игі істердің жалғасы ретінде ашылған кезекті футбол алаңы түлектердің туған ауылына деген құрметі ерекше екенін көрсетеді.
Бұған дейін Абай, Ы.Алтынсарин, Ж.Қалдығарев мектептерінің түлектері де ашық футбол алаңның ашылуына демеушілік көрсеткен болатын.
Жаңа спорт алаңының ашылуы тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамытуға, балалардың бос уақытын тиімді өткізуге үлкен үлес қосатынына сенімдіміз.