Берекелі Бейнеу атанған ауданның гүлденуіне бар саналы ғұмырын арнаған, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің және Еуропа өндірістік палатасының «Алтын медалінің», Қазақстан педагогикалық ғылымдар акалемиясының «Құрметті академигі», Маңғыстау облысының және Бейнеу ауданының «Құрметті азаматы», мемлекет және қоғам қайраткері, ұзақ жылдар бойы Бейнеу ауданы әкімі лауазымын атқарған Әзірханов Басшы Айжанақұлы атындағы мешіттің ашылуы салтанатты түрде өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Құлшылық үйінің ашылуына Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, найб муфти Ершат Оңғаров, Қазақстанның «Құрметті журналисі» Кенжебек Тұманбайұлы, Әлем халықтары жазушылар одағының төрайымы Гүлхан Айтақынқызы және ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Зиялы қауым өкілдері, Басшы Айжанақұлының қызметтік, үзеңгілес жолдастары жүрекжарды лебіздерін білдіріп өтті. Салтанатты ашылуда Әзірханов Басшы Айжанақұлының өмірі мен қызметіне арналған Қазақстанның «Құрметті журналисі» Кенжебек Тұманбайұлының авторлық «Әділ Басшы» кітабының тұсауы кесілді.
Жаңа мешіттің қызыл лентасын Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары Ершат Оңғаров және ауыл ақсақалы Орпабай Нұрмағамбетұлы кесті.
Ізгілік пен мейірімділік ордасы мешіттің құрылысына ат салысып, игі бастамаға себепші болған жандарға алғыс айтып, ат-шапан сыйға тартылды. Сәулеті мен салтанаты келіскен 8 мұнаралы жаңа мешіттің жалпы аумағы 5000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 350 адамға арналған зал, 1 құран оқу залы мен 1 мұражай бар. Барлығы заманауи құрылғылармен жабдықталған.