8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Бұл – әйел болмысына тән ізгі қасиеттерді құрметтеп, оларға шын жүректен шыққан лебізімізді білдіретін тамаша мереке. Ұлы даланың дәстүрлі мәдениетінде қазақ әйелдері отбасы, ошақ қасында шектелмей, өздерінің әлеуетін қоғамға таныта білді. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап ұлттық болмысымыз жаңғырып, әйелдердің рөлін көтеру бағытында көптеген маңызды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Осыған орай газет тілшісі түрлі салада жауапты қызмет атқарып жүрген әйелдермен кездесіп, сұхбаттасқан болатын. Төменде сұхбат кезінде жазып алынған пікірлерді оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Маржан Сайманова – аудан әкімі аппаратының қызметкерлердің басқару қызметі бөлімінің басшысы: Тәуелсіздік жылдарында әйелдердің қоғамдағы рөлі жоғарылап, саясаттағы бәсекелестігі артып келеді. Айталық, қазіргі таңда жергілікті атқарушы орган - аудандық әкімдікте 35 әйел-қыз жауапты қызметтерді, олардың арасында 9 әйел басшылық қызметті мінсіз атқарып жүр.
Отбасы тірлігімен қатар халыққа қызмет етуді ту етіп, аянбай еңбек етіп жүрген аяулы аналарымыз баршылық. Атап айтар болсақ, Гүлжан Бақытқызы аудан әкімінің аппаратын басқарып отыр. Сонымен қатар «Күміс алқа» иегері Мира Айтбаева – аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу секторының меңгерушісі. Мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам еңбек етіп, осыдан екі-үш жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан әріптесіміз Көрпеш Дәулетярованың өнегесін ұстанып, атқарған қызметін мақтан етеміз. Айта берсем, осындай үлгілі әйелдер аз емес. Ең бастысы, мемлекеттік жауапты қызметтерді атқарып жүрген нәзікжанды әріптестердің еңбектері еленіп, аудан, облыс әкімдерінің, республикалық деңгейдегі ведомства басшыларынан марапатталып жүр.
Камшат Даулетбаева – аудандық оқу-әдістемелік орталығының директоры: - Бүгінгі таңда әйелдер отбасының да, қоғамның да ұйытқысы болып жүр десем, асырып айтқаным емес. Атап айтар болсам, ауданның білім беру саласында 2074 әйел қызмет атқарып жүр, бұл аудандағы мұғалімдер қауымының 87%-ын құрайды. Бұл – әйелдер ұлт ертеңі болған жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, олардың тұлға болып қалыптасуына салмақты үлес қосып жүр деген сөз. Олардың арасында Жәния Ағысбаева, Дәметкен Ақшабаева, Ұлмекен Бисенғалиева, Зарипа Бектембаева, Гүлраушан Азанова ауданның білім саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр.
Эльмира Баяхметова – орталық аурухана директорының орынбасары: - Орталық ауруханада 697 әйел қызмет атқарып жүр. Бұл медицина қызметкерлерінің көпшілігі нәзікжандылар екенін көрсетеді. Олар пандемия кезінде өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға барын салды. Денсаулық сақтау саласында әріптестерімізге өнеге болып жүрген әйелдер аз емес. Осы орайда дәрігерлер Рабиға Ташимова, Зейнеп Жарылғасинова, Калияш Лепесова, Бипатпа Мағзымова, Разия Жанабаева мен Салима Нурмағанбетова, Күнсұлу Күзекбаева, Гүлжамила Оразбаева, медбикелер Алтынзер Балова, Мирамханым Қыдырбаева, Жансұлу Әбілшеева, Айжан Қосшыбекованың есімдерін атап өткеніміз жөн. Ұжымдағы әйелдердің барлығы да өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарып келеді. Иә, бүгінгі таңда әйелдер үйдің де, қоғамның да ұйытқысы болып жүр. Осы орайда нәзікжанды аруларды 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, олардың отбасына бақ-береке, жұмыстарына жетістіктер тілейміз.
Қартбай ҚОЖАЕВ