Бейнеу ауданының меценаты, жеке кәсіпкер Рәббім Борашев Шалқар – Торғай – Нұр-Сұлтан бағытында 12 күнге созылған 1 200 шақырымдық велосаяхатын сәтті аяқтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Велосаяхатшы Бейнеуден Шалқарға дейінгі 500 шақырым жолды былтыр бес күнде жүріп өтіп, пандемияға байланысты тоқтатуға мәжбүр болған еді. Былтыр ол Бекет Атаның 270 жылдығына орай Тәжен-Бейнеу-Отпантау бағытында 420 шақырым және Бекет Атаның төрт мешітінің бағыттары бойынша 850 шақырым велосаяхат жасаған.
Ал саяхатшы барлығы 1 700 шақырымдық Бейнеу - Астана велотурын 17 күнде жүріп өтті. Велосапар ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
Жеке кәсіпкер саяхаты арқылы батыс және орталық аудандарды тікелей қосатын жол және басқа да инфрақұрылымдарды дамытуға назар аудартуды мақсат еткен.