Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Бейнеу ауданы әкімі Бейнеубек Әбілов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Биыл 47 млн теңгеге Бейнеу ауылына – 6, Сарға ауылына – 1 және 1 трансформатор Боранқұл ауылына орнатылды. Сондай-ақ Бейнеу ауылындағы тозығы жеткен 8 трансформатор ауыстырылды. Былтыр 26,3 млн теңгеге Бейнеу ауылында 9, Боранқұл ауылында 1, Тәжен ауылында 1 дана трансформатор жаңартылған еді», - дейді Бейнеубек Әбілов.
Сондай-ақ 2020 жылы жергілікті бюджет есебінен Бейнеу ауылында орналасқан Тәуелсіздік алаңында, орталық стадионда, мешіт ауласы мен Ұлы Жібек композициясында соңғы үлгідегі 678 жарық шамы ауыстырылды.
«Биыл Бейнеу ауылындағы Б. Майлин, Қ. Сатбаев көшесіндегі барлық шам 312 дана диодты жарық шамына ауыстырылды. Сондай-ақ 46 жарық шамы Сыңғырлау ауылындағы екі көшеге, Тәжен ауылына 45 дана жарық шамы орнатылған. Демеушілік есебінен 21 көшеге 398 дана жарық шамы қойылды. Осылайша, аудан түгелдей электр желісіне қосылды», - деді Бейнеубек Әбілов.