Бір ай бұрын теңіз жаяу әскері бригадасына келген 350-ден аса сарбаз «Оймашы» полигонында алғашқы атыс дайындығына қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскері бригадасы жас сарбаздарды оқытуды жалғастыруда. Әскерге шақырылғандардың алғашқы әскери даярлығы бір айға созылады және бірнеше кезеңнен тұрады. Осы уақыт аралығында сарбаздар тактикалық және атыс дайындығы сияқты пәндердің негізгі ұғымдарымен танысады. Сондай-ақ жас сарбаздарға оқу-жаттығу және дене шынықтыру сабақтары өткізіледі. Сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканың тактикалық-техникалық сипаттамалары таныстырылады, ҚР Қарулы Күштерінің жалпыәскери жарғыларының талаптары түсіндіріледі.
- Жас сарбаздар алғашқы оқу-жаттығу барысында оқ-дәрі алудан бастап, атыс аяқталғаннан кейінгі әрекеттермен танысты. Тапсырмаларды кезең-кезеңімен орындады. Осылайша теңіз жаяу әскерлері АК-74 автоматымен оқ атты, - деді батальон командирі, подполковник Юрий Пашко.
28 мамырда жас сарбаздар әскери ант қабылдайды.