Біздің заманымыздың ғұламасы Әбіш Кекілбайұлы «Қазақстан әйелдері» журналының 1991 жылғы №9 санында жарияланған «Киелі қазақ-ата жұрт» деген мақаласында «...Пенде шіркіннің бәрі асқақ, бәрі тәкәппар ғой. Ешкімге, ештеңеге басын иіп, кеудесін бастыра қойғысы келмейді.... Сөйткен шалқақ бас, шалқар көңіл неменің де аяғын тартып, басын иіп,өзін төменшік сезінуге мәжбүр ететін екі күш бар. Біреуі - Жер-анасы, екіншісі өз анасы. Анасы дүниеге өзін әкеліп, мынау жер бетіндегі азғантай тіршіліктің ырзық-қуанышына ғана ие етіп қоймай, күллі өзіне дейінгі жинақталып қалыптасқан рухани қазынаға еншілес етсе, жер-анасы бабасынан бастап бүкіл халқын жаратып, қалыптастырып, орнықтырып, осынау ұлан-асыр әлемнің қия тартар көрінісінің, көңіл тартар құбылысының ой ширығып, сана серпілер мән-мағынасының біріне айналдырады» деген еді.
Иә, адам баласына бұ дүниенің жарығын сыйлаған ананың құдіреті мен қадір-қасиетін, күш-қуатын, мейір-шуағын және адамның дүниеге келгеннен кейінгі тыныс-тіршілігіне құтты қоныс, ата жұрт болатын жер-ананың кең пейілін терең сезінген Әбекеңнен асырып айтқан адам жоқ шығар,сірә?!
Шындығында да, Жер-анасы мен адамның өз анасы әрбіріміз үшін егіз ұғым. Бұл екі құдіретті күшті бірі-бірінен бөле-жара сезінуге болмайды. Яғни бірін-бірі толықтырып тұрған қос қуат. Осы күштер арқылы адам тіршілік етеді емес пе?! Сіз де ой-елегіңізден өткізіп көріңіз, бірінсіз, бірі жоқ.
Жә, ендеше, адам баласына жарық дүниені сыйлап, ақ сүтін беретін анадан артық асыл жан жоқ деуге толық негіз бар. Ару аналарсыз бұ дүниенің сәні мен салтанатын көз алдымызға елестету мүмкін емес. Аналар біздің әрбіріміздің бойымыз бен ойымызда рухани құндылықтарды қалыптастыратын қасиеттерді ақ сүтімен дарытып, тәрбиелейді. Мейір-шуағына бөлеп, аялы алақанында өсіріп, жан жылуын беретін де – аналар. Сол үшін өмірде аналардың орыны бөлек. Біз оларға күніне неше мәрте басымызды иіп, құрмет көрсетсек те көптік етпейді.Ана-ағар бұлағың, өмірге жол көрсетер шырағың! Біреу Пайғамбарға «Бейіш қайда?» депті. Сонда Пайғамбар «Бейіш анаңның табанының астында» деген екен. Және де «Анаңа қызмет ет!» дегенді үш рет қайталап айтыпты дейді. Міне, бұл адам баласы үшін өз анасынан артық киенің, анасынан асқан әулиенің, анадан жақын жанашыр жанның жоқ екендігін аңғартса керек. Әрбір сәби үшін ана «әлдиінен»
артық жұбаныш жоқ шығар мынау дүниеде. Тек ана әлдиінен шырылдаған сәбидің жұбаныш табатынын қайтерсің, шіркін! Сонда деймін-ау, ананың әлдиәуенінде де бір құдіретті күш, біз білмейтін бір сиқыр бар болып тұрған жоқ па?!. Ортағасырлық ғұлама, ұлы дәрігер Әбу Әли Ибн Сина; «Ананың әлдиі – дәрігерліктің басы» депті. Япырай, қалай тауып айтқан, ә?! Осыған қарағанда ананың әлдиінен артық дауа, аялы алақаны мен ыстық құшағынан артық шипаның болмағаны ғой! Ананың ақ сүтімен біздің он екі мүшеміз нәрленіп, болмыс-бітіміміз қалыптасады екен. Бұл ананың бізге берген күш-қуаты емей, немене? Біз ана үшін ер жетіп, етегімізді жауып, есейіп кетсек те сол баяғы сәби қалпымызда оның жүрегінде сақталып қала береді екенбіз. Бұл аналардың балаға деген мәңгілік суымайтын ыстық ықыласы мен мейір шуағы болса керек. Сондықтан әрбір адам баласы
анасының осындай қадір-қасиетін терең сезініп, құдіретіне басын июі ләзім! Құрметтеу – парыз, ана сүтін ақтау-қарыз болып қала береді. Ол туралы мынадай бір тәмсіл бар. Ерте заманда біреу анасының ақ сүтін ақтаймын деп, Меккеге үш рет арқалап барған екен. Жолда дем алып отырғанда баласы; - Анашым, сіздің ақ сүтіңізді ақтадым ба? деп сұрапты. Сонда анасы: - Жоқ, сенің бұл жолғы қызметің - менің бір мезгіл түн ұйқымды бөліп, емшек бергеніме әлі жеткен жоқ, - деген екен дейді. Аңыздың астарында ақиқат та бар. Міне, ананың ақ сүтін өтеудің қаншалықты қиын екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Олар ұл мен қыз өсіріп,отбасының киесі мен иесі болып қана қоймай, көреген көсемдігімен, сөз табар шешендігімен елдік пен ерлік істерге араласқан да ару-аналар еді. Елдің басына күн туған қиын-қыстау кезде қолына қару алып, жауға шапқан батыр қыздар болғанын тарихтан білеміз. Бұл үшін өткен дәуірлердегі Тұран жұртының патшайымы Томиристен бері қарай 18-19 ғасырдағы өмір сүріп өткен ер жүрек қыздар мен аналардың Ерлік пен Елдік істерін айтсақ та жеткілікті болар-ау.
Ертеде жерімізде Домалақ ана, пір Бекеттің анасы Жәния, Жиреншенің Қарашашы, Әбілқайырханның әйелі Бопай ханым, Бөкейханның әйелі Атан ханым, Құрманғазының шәкірті, күйші Дина Нұрпейісованы, атақты ақын Мұрат Мөңкеұлының анасы Қырықжылқыны ел ұмыта қойған жоқ шығар. Қазақ еліне Абай данышпанды дүниеге әкелген Ұлжанды, оны тәрбиелеген Зерені, Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәулені, драматург-жазушы Асқар Сүлейменовтың анасы Ақтоты секілді алтын құрсақ аналарды, академик жазушы Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» романындағы Ұлпанның, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романындағы Айшаның бейнесі оқырман жадында жүргені ақиқат. Ғашықтар тарихындағы Қыз Жібек пен Төлегендегі Жібек, Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы Баян, Асалы-Көкетайдағы Көкетай, Қайып пен Ақбөбектегі Ақбөбек секілді арулар сүйген жарға деген адалдығымен ғашықтар махаббатының символы болып қалды.
Ұлы Отан соғысында ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, батыр болған Әлия мен Мәншүктің, қаһарман Хиуаз Доспанованың ерлігі ел есінде жүрген жоқ па?! Қазақта өнерімен өзге елді таңғалдырған өнер саңлақтары ше?!. Айтар болсақ, халық әншісі Роза Бағланова, сазгер Ғазиза Жұбанова, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесі әлі көз алдымызда емес пе?!
Бүгінгі күнге келсек,ғылым мен білімнің, тағы басқа да сан алуан салада еңбек етіп жүргендері мыңдап саналады. Биыл тәуелсіздіктің туын көтергеніне 30 жыл толатын Қазақстан Республикасының гендерлік саясатына сәйкес мемлекеттік деңгейдегі лауазым иелері мен ҚР Парламентінің депутаты қызметіндегі арулар қаншама?! Министр, әкім, тағысын тағылар... Халық сенімінен шығу жолында жауапкершілік жүгі ауыр қызметтерді абыроймен атқарып жүрген әйелдерді нағыз ер мінезді жандар десек, артық емес-ау.
Біз әңгімеміздің басын Әбіш Кекілбайұлының ұлағатты сөзімен бастап едік. Енді әңгімеміздің соңын да Әбекеңнің сөзімен түйіндесек жөн болар. «..Сондықтан да болар, адам туған анасына қандай өзегін үзсе, туған жеріне де сондай өзегін үзеді. Оның алдында амалсыз аласарады. Ешкімге имейтін асқақ басын сол екеуінің алдында иеді. Ешкімге иілмес тізесі де сол екеуінің алдында бүгіледі». Ендеше, әр қашанда осы ерекше екі ұғымды есте сақтап, тіземізді бүгіп, басымызды иіп құрметімізді көрсетелік.
Кәрісбай ӘДІЛ