2022 жылы біржолғы зейнетақы төлемін алудың жеткіліктілік шегі 1,8 есе көтеріледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл шешімді зейнетақы қоры былай деп түсіндіреді. ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында: «зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілігінің шегі - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалатыны айтылған.
Төмен жинақтық шекті айқындау әдістемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 2 қазанындағы №1042 қаулысымен (2021 жылдың 6 қаңтарындағы өзгерістерімен және толықтырулармен) бекітілген.
Әдістеме бойынша төмен жинақтық шек мөлшері жинақ иесінің жасына қарай есептеледі және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін (индекстелуін) ескереді. Бұл ретте ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы (ЕТЖ), ең төменгі зейнетақы (ЕТЗ), ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты төмен жинақтық шек мөлшерін есептеу жыл сайын аталған көрсеткіштердің өсуін ескере отырып жүргізіледі.
2022 жылға әлеуметтік көрсеткіштер мөлшері ұлғайтылғандықтан, атап айтқанда, ең төменгі жалақы мөлшері 2021 жылғы 42 500 теңгеден 2022 жылы 60 000 теңгеге дейін (немесе 41%) өсті.
Бірыңғай жинақтық зейнетақы қоры осыны ескеріп, 2022 жылға төмен жинақтық шек мөлшерін де көбейткен.
Төменде БЖЗҚ сайтында жарияланған кестені назарларыңызға ұсынамыз: