©
Келер жылды Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Жастар жылы» деп белгіледі. Осыған байланысты республика көлемінде алдағы жылға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеу жұмыстары басталып кетті. Жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, баспаналы болуына көбірек жағдай жасалмақ. Нақты қандай шаралар ұйымдастырылады, қандай мүмкіндіктер қарастырылмақ деген сауалдардың жауабын іздеп көрдік.
Бүгінде Маңғыстау облысында 145 657 жас бар. Оның жартысы қалада, жартысы ауылды жерлерде тұрады, 74678 – ер, 70979 – қыз-келіншектер. 20123 – мектеп оқушысы болса, 21792 жас колледжде, 5593 ЖОО-да білім алып жатыр. Ал 2106 жас жұмыссыздар қатарында. Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы "Жастар жылында" 100 нақты шараны қолға алмақ. Оларды басқарма басшысы Бауыржан Тұяқов бізге толыққанды айтып берді. Біз маңызды деген бірнешеуіне тоқталмақпыз.
«Жастар жылында» қолға алынатын шараларды талқылау, нақтылау мақсатында жастар саясаты мәселелері басқармасы облыс көлемінде «Ауылым – алтын бесігім» атты керуен ұйымдастырған. 23 қазан-17 қараша аралығында қалалармен қоса 22 елді мекенді аралап, жастармен кездесіп, тұжырымдаманы талқылаған.
«Облыс жастарының ой-пікірін негізге ала отырып іс-шаралар жоспарын жасақтап, әлеуметтік желіге жарияладық. Ол жерде де әркім өз пікірін, ұсыныстарын айтуға мүмкіндік алды. Қараша айының аяғында әлеуметтік желі және қоғам белсенділерімен кездесу өткізіп, осы жоспарды таныстырдық. Сол жерде тағы бірнеше ұсыныс айтылды. Жастар жылының мақсаты – жастардың алдына бәрін қап-қабымен төгіп тастау емес. Оларға барынша мүмкіндік жасау, түйінді мәселелерін шешуге атсалысу», - екендігін айтты басқарма басшысы Бауыржан Тұяқов.
Жол картасындағы мәселелер сол жолы шешілмегенімен, Жастар жылында негізі қаланып, 1-2 жылда шешімін таппақ.
«Жастар жылында» өткізілетін шаралар:
Жастар саясаты мәселелері басқармасы келер жылы атқарылатын жұмыстардың 100 пунктін әзірлеген. Қаңтар, ақпан айларында «Жастар жылының» ашылу рәсімін ұйымдастырып, өңір жастарына жобаларды таныстырмақ. Оның ішінде 2 ірі халықаралық шара ұйымдастыру көзделіп отыр.
Бірінші, тамыз айында Ақтау саммитінің 1 жылдығы аясында Маңғыстауға шекаралас мемлекет жастарының «Жастар достығы – 2019» форумы.
«Бұл форум қатысушылардың өз жетістіктерін таныстыруына мүмкіндік береді. Халықаралық деңгейдегі көптеген шара Алматы, Астана қалаларында өтетіндіктен, Маңғыстау жастары тыс қалып қойып жатады. Сондықтан халықаралық спикерлерді де шақырып, дүниежүзінде болып жатқан трендтермен өңір жастарын таныстырғымыз келеді», - дейді Бауыржан Орынбайұлы.
Ақтауда өтетін екінші халықаралық ауқымды шара – Жастар марафоны. Мамыр айына жоспарланған шараға тек Каспий маңы емес, дүниежүзі елдерінен ниеттілер қатыса алады.
«Биыл қаламызда үлкен спорттық шаралар өтті. Бокстан ел чемпионаты, дзюдодан, джиу-джитсудан Азия, каратэден әлем чемпионаты, триатлон жарысы болды. Дегенмен марафон жарысы өтпеген екен. Бұл шара – Ақтаудың танымалдылығына, Маңғыстау облысының имиджіне оң әсерін тигізеді деген ойдамыз. Туристерді тартуға ықпал етеді, шетелден 20-30 жүгіруші келсе де нәтиже. Ол ертеңгі күні Ақтау деген қала барын, өзінің сонда болғанын өзгелерге айтып жүреді», - дейді басқарма басшысы.
Республикалық деңгейдегі шаралар:
* Маусым айында «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың 7 қыры» мақалалары аясында «Өз тарихыңды танып біл» атты жастардың республикалық экспедициясы.
Еліміздің тарихи-мәдени ошақтарын аралауға ниетті 50-100 жас қамтылмақ. Олар өз өтініштерін беру арқылы қатыса алады. Ауқымды экспедиция Маңғыстаудан басталып, Атырау (Сарайшық, Исатай, Махамбет кесенелері), Орал (Бөкей орда), Ақтөбе (Қобыланды батыр кесенесі), Қызылорда, Ұлытау, Түркістан, Есік қорғаны, Астана қалаларын араламақ;
* «Туған жер upgrade»
Шерқала немесе Айрақты тауы етегінде өтетін көшпелі жастар кездесу-тренингі. Республика бойынша «100 жаңа есімге» енген, жетістікке жеткен тұлғалар шақырылады;
* Жас блогерлердің медиа-туры
Қыркүйекке жоспарланған шараға әлеуметтік желіде танымал жастар, вайнерлер қатыстырылмақ. Олар арқылы өлке жастарына мотивация беру, ішкі туризмді дамыту, Маңғыстаудың имиджін көтеру;
* Әлеуметтік грант
Әлеуметтік жобаны іске асыруды көздеген жастарға Бүкіләлемдік банк 1 млн теңгеге дейін қаржы бөлмек. Олар өндірген өнім сатылымға емес, балалар үйіне, аз қамтылған отбасыларға беріледі. Республика жастары арасында жүргізіліп жүрген әдіс 1000-ға жуық маңғыстаулық жас үшін кәсіпкерліктің бастауы болмақ;
* «Жас ғалымдар» форумы
Өңірдің жас ғалымдарын инвесторлармен таныстыру, халықаралық көрмелерге қатыстыру, еңбегін таныту;
Маңғыстау облыстық білім басқармасы келер жылға «Жас геолог», «Жас сарбаз», «Студент дүкені», «Мен кәсіпкер боламын» сынды жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жоба әзірлеп отыр.
Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өңірде «Ралли Қазақстан 2019» – Әлем Кубогының кезеңі, Халықаралық күштік фестиваль – зілтемірді жатып сығымдаудан «Strong Man» ашық Қазақстан Республикасының чемпионаты, Каспий желкенді регата «Алтын нактоуз» Крейсерлік яхта халықаралық жарысы, Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнир – ашық Азия Кубогы, «Синь-Хо-Мэнь» жауынгерлік өнер мектебінің 30 жылдығына арналған ушудан «Отты айдаhар» халықаралық турниры сынды ауқымды шаралар өткізбек.
Білім алу
Жастардың сапалы білім алуы үшін облыс әкімінің арнайы грантын бөлу, «Серпін» бағдарламасы бойынша 600-700-ге жуық жасты оқуға тарту жоспарланған.
Айта кетейік, биыл облыста 172 түлек мектепті «Алтын белгіге» тәмамдап, 1369 үміткер мемлекеттік білім грантын иеленді. Ал 75 түлекке облыс әкімінің гранты тағайындалды.
«Сондай-ақ барлық мектепте кәсіптік бағдарлау кабинеттерін ашқымыз келіп отыр. Мұндағы мақсат – балалардың болашақта қандай маман иесі болатынын 7-8 сыныбынан бастап айқындауға көмектесу. Мәселен, қазір әр 3-4 жыл сайын жаңа мамандықтар дүниеге келіп жатыр. 2030 жылға дейін әлем бойынша 800 млн жұмыс орны жоғалады деген болжам бар. Сондықтан бұған әзір болуымыз, жастарымызды соған дайындауымыз қажет», - деді Б.Тұяқов.
Бұдан бөлек 2019 жылғы мектеп бітірген түлектердің дерекқоры қалыптастырылмақ. Мектеп бітірген түлектер саны, оқуға түскендері, әскерге кеткендері, оқуға түсе алмағандары, жұмысқа орналасқандары т.б. туралы ақпарат жинақталады.
Жұмыспен қамту
Биыл 9119 жас жұмысқа орналасқан. 3-тоқсан қорытындысы бойынша облыс жастарының жұмыссыздық көрсеткіші – 3,1 пайыз (2017-де 3,5 болған).
«Жарты жылда бір рет облыстық қоғамдық тыңдау өткізілмек. Қазір еңбек нарығына қажет мамандықтар картасын әзірлеп, оқу орындарына таратамыз. Аймақта қандай өндіріс орындары құрылады, осы бойынша әкімдермен, экономика басқармасымен т.б. орындармен ақылдасып, мамандар қажеттілігін анықтаймыз», - дегенді айтты басқарма басшысы Б. Тұяқов.
«Жасыл ел» бағдарламасымен жаз айларында жұмыспен қамтылатын жастар саны 1500-ге жетпек.
Жастар керуені аясында керуен мүшелері ауылдарды аралау барысында жастар арасындағы жұмыссыздық және ауылдағы инфрақұрылым мәселесінің өзекті екенін аңғарған.
«Спорт алаңдары, жастар бас қосатын орталықтар қажет. Мәдениет үйлері бар, бірақ жастар сұранысына сай емес. Мәселен, біз Ақтаудағы жастар үйінен коворкинг ашып қойдық. Ғаламтор қолжетімді, компьютерлермен қамтылған. Келіп жұмысымен айналысып, сабағын оқуына болады. Жаңаөзен қаласында ойын-сауық орталықтары өте көп, дегенмен жастарға арналған орындар жоқтың қасы. Бұл қала облыс бойынша жастардың көп шоғырланған жері. Жастар сұранысына сай жастар үйлері қажет», - деген басқарма басшысы алдағы жылы бұл олқылықтардың орнын толтыру көзделгенін айтты.
Сондай-ақ 2019 жылы әр аптада бір ауылды астана етіп сайлап, сол ауылдың жастарымен апта бойы шара өткізу жоспарланған. Яғни, бір жыл ішінде 50-ге жуық ауылдың жастары қамтылады.
Баспана алу
«Әрине мойындау керек, жастардың баспана алуы – өте өзекті мәселе. Ауылдан келген, оқу бітіріп, қалада қалған жастарға қиындау. "Тұрғын үй құрылыс жинақ" банкімен қандай да бір жоба қолға алмақ болғанбыз. Бірақ қазір «7-20-25» бағдарламасы табысты басталды. Мәселен, бұл жобамен 241 отбасы баспаналы болса, соның 200-і жас отбасы екен. Маңғыстау облысы тұрғын үй салудан елімізде жетекші орында. Сонымен қатар 3000 орындық жатақхананың құрылысы басталады», - деп отыр Б. Тұяқов.
3 б ш/а Есептік кассалық орталық (РКЦ) тұрған ғимаратты жас отбасыларға арналған жатақханаға айналдыру жұмыстары басталған. Ал «Дипломмен алуға» бағдарламасы бойынша 200-ден астам жасқа үй алуға несие беріледі.
Баспана мәселесіне қатысты сауалды жергілікті «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филилалынан да сұрап көрдік. Банк өкілдері нақты жастарға арналған жоба болмағанымен, «Өз үйім», «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша үйлі болған жастар біршама дегенді айтты.
«2018 жылы 1 қаңтардан бастап біздің банктен 1734 несие берілді. Оның ішінде 376-сы жастар. Сондай-ақ биыл барлығы 13145 депозит ашылса, оның жартысына жуығы, яғни 6072–сі жастарға тиесілі», - дегенді айтты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Маңғыстау облыстық филилалы бизнесті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Данияр Мағауия.
Тәрбие
Биыл жастар арасындағы 1238 қылмыс тіркелген. Өз-өзіне қол салмақ болған 44 жастың 13-і көз жұмған. 10 айда 4720 шаңырақ көтерілсе, 621 отбасы екіге ажыраған.
Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы ерте жүктілік, қылмыстың алдын алу үшін тәрбиелік мақсаттағы жұмыстар күшейтілмек. Бұл үшін жастар саясаты мәселелері басқармасы зерттеу жүргізіп, ұсынымдар айтатын, тәрбие жұмыстарын үйлестіретін ұйымдар ашуды ойлап отыр.
«12 қараша күні Жастар кеңесін құрдық. Төрағасы – облыс әкімі Ералы Тоғжанов. Құрамында 33 адам болса, соның 2-уі ғана мемлекеттік қызметкер де, қалғаны жастар. Бұрын 70-80 пайыз мемлекеттік орган өкілдері болатын. Мүшелерді дауыс беру арқылы жастар өздері таңдады. Аудандық жастар кеңесінің мүшелерін де 70 пайыз жастар құрасын деген талап қойдық», - дейді Б.Орынбайұлы.
«Келесі жылды жастар жылы деп жариялап, іс-шаралар өткізу керек, оған біздің тәжірибеміз бар. Біздің жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек» деген болатын Н.Назарбаев. Елбасының өзі ерекше атау беріп жариялаған жылға жастар мен олардың жанашырларының сенімі мол. Олар бұл жылдың бұрынғыдан өзге болғанын қалайды. Сондықтан 2019-дың флешмобтар мен сағаттап өтетін басқосудың, келіп-кететін форумның жылына айналмауынан үміттенейік.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА