©
Өлкемізде былтыр 750 адам есепте тұрған
Ресми статистикаға сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанда 35 мың 181 адам диспансерлік есепте тұрған (оның 14 мың 874-і туберкулездің белсенді түрімен ауыратындар). Оның ішінде 8 мың 942-сі пациенттер қатарына жаңадан қосылғандар. Олардың басым бөлігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында (3604), Алматы облысында (3311), Шығыс Қазақстан (2860) және Қызылорда (2495) облыстарында тұрады. Ал 2018 жылы Маңғыстауда туберкулез ауруымен 673 пациент есепте тұрды. Облыстық туберкулезге қарсы диспансер көрсеткен деректер бойынша, өлкемізде былтыр 2017 жылмен салыстырғанда туберкулезге шалдыққан науқастар 4,2%-ға азайған. Былтыр диспансерде тіркелген науқас саны – 750, ал барлық құжаты дұрыс 729 науқас есепте тұрған. Қалған азаматтар - көбіне босқындар, үй-күйсіз жүрген азаматтар. Туберкулезге қарсы диспансердің мәліметінше, ресми есепке алынбаса да, құжаты жоқ азаматтарды өзге тұрғындарға жұқтырмас үшін, емдеу қажет.Туберкулездің қалай алдын алуға болады?
Дер кезінде анықталып, тиісті ем-дом жасалса туберкулезді толық емдеп жазуға болады. Сондықтан ауруды асқындырмай, емдеуші дәрігердің нұсқауын орындаудың маңызы зор. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2000 және 2016 жылдар аралығында туберкулезді ерте анықтау мен емдеу нәтижесінде әлем дәрігерлері 53 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалған. Туберкулездің қарапайым түрін емдеуге шамамен 6 айға жуық уақыт кетеді. Қазақстанда бұл ауру интеграцияланған бақылау стратегиясы бойынша емделеді. Бақылаудың бұл түрі туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастардың емханада амбулаторлық ем қабылдауына мүмкіндік береді. Туберкулездің алдын алу үшін емханада тұрақты тексеруден өтіп тұру қажет. Тексеру мен екпе егу кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде тегін жүргізіледі:Туберкулез ауруы қалай байқалады?
Туберкулез адамда бірден пайда болмайды, өкпе қабынуы асқынып, уақыт өте келе біртіндеп көрінеді. Сондықтан, аалғашқы кезде туберкулезді байқау мүмкін емес. Бірнеше уақыттан соң, науқас үздіксіз жөтеліп, сұйықтық немесе қан құсуы мүмкін, кейінірек кеуде тұсы ауырып, салмағы азайып, өзін жайсыз сезінеді, қызуы көтеріледі. Мұндай жағдайда міндетті түрде емханаға барып тексерілу керек.Кімдер туберкулезге шалдығады?
Ең алдымен иммунитеті әлсіз адам туберкулез ауруына шалдығуға бейім болады. Егер адам шамадан тыс шаршаса, жүйелі дұрыс тамақтанбаса, стреске шалдықса, иммундық жүйе бұзылып, түрлі ауру туындаса иммунитет әлсірейді. АИВ (ВИЧ) және ЖИТСпен (СПИД) ауыратын науқастар жиі туберкулез жұқтырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, туберкулез ВИЧ-ке шалдыққан науқастар көбіне туберкулезден қайтыс болады. Өкінішке қарай, 2016 жылы ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар арасында қайтыс болғандардың 40%-ы туберкулезбен байланысты болған. Сонымен қатар, көбіне туберкулезді балалар жұқтыруы мүмкін, өйткені олардың иммунитеті әлі толық қалыптасқан жоқ. Сондай-ақ, егде тартқан азаматтар да бұл ауруға душар болуы мүмкін.Айгүл ДӘДЕН,
Медициналық сақтандыру қоры