©
Аудандық сот ғимаратының ауласындағы орындықта Айбол мен Бекбол отыр. Екеуі де көңілсіз.
- Әкешім мен анашым ажырасып кетсе, біз не істейміз? – дейді кішісі. - Білмеймін.- «Енді мен тентек болмаймын, сабағымды жақсы оқимын» деп айтсам татуласар ма екен? - дейді көңілі алаңдаулы Бекбол. Ата-анасының келіспей қала беретін әрекетіне өзін кінәлайтын қылық тауып алған.
- Достарымыз күшті, мама-папасымен бақытты тұрады.Осылай екеуі ұзақтау отырды. Бір кезде ата-анасы ғимараттан шықты. Үнсіз, бірақ жүздері жылы. Төртеуі қол ұстасқан күйі ғимарат ауласынан шыға берді. Соңдарынан қарап тұрған сот төрағасының көңілі көтеріңкі. «Істің бәрі осылай оңынан бітсе, жақсы болар еді» деді ұзақ ойға шомып.
- Бұл бір отбасының сот ғимаратынан шыққандағы көрінісі. Ал ажырасуға келген басқа жұптардың жағдайы қалай болып жатыр, ағай?
- Неше түрлі жағдай бар, неше түрлі тағдыр. 2017 жылдың 11 айында сот өндірісінде барлығы 55 неке бұзу арызы түсіп, 45-і қаралған. 22 неке бұзылып, 19 іс бойынша өндіріс тоқтатылған. Яғни 42,2% отбасын сақтап қала алдық деген сөз. 2018 жылдың 11 айында 44 неке бұзу арызы түскен. Былтырмен салыстырғанда 11 арызға азайған. Биыл 35 іс қаралып, 15 іс бойынша неке бұзылған. Қуанарлығы 20 отбасы татуласқан. Сот пәрменімен биылғы қаралған істердің 57,1%-ы бойынша отбасының бұзылуына жол берілмеген екен, - деп ақпарат берді Түпқараған аудандық соттың төрағасы Нұртуған Тұржанов.
Жалған намыс жарға жығар
– Жастарда жалған намыс бар. «Мен сенсіз-ақ өмір сүре аламын. Өз күнімді көре аламын» дейді көбі. Сонда ортада қалған балалардың жағдайын кім ойлайды? Өткенде неке бұзу фактісі қаралды. Екі адам да бір-бірін жақсы көретіні көрініп тұр, сәл нәрсеге келіспеушілік бар. Күйеуін сөйлетсек:
– Мен ері емеспін бе, одан дәрежем жоғарылау. Айтқанымды тыңдағысы, орындағысы келмейді, - дейді. Ал әйелі: - Маған бұйыра сөйлейді, дауыс көтереді, - деп тұр. Осындай нәрсе үшін сотқа арыз жаза салу оңай болып кеткен. Бұрынғы апаларымыз, ағаларымыз неше түрлі тағдыр көрсе де дымын білдірмей, шаңырақты шайқалтпай ұстады емес пе? Керек десеңіз, ата-анасының қалауымен еріксіз қосылды. Ал қазіргі жастар бір-бірін таңдап жүріп қосылады, ұялмай ажырасуға барады.
– Сөзді қойыңыздар, бұл істеріңіз ұят. Татуласыңыз! – деп едім, екеуі де келісті. Сонда сотқа жетектеп келген екеуінің де жалған намыстары. Бір-біріне иіліп, түсіністік танытуын жеңіліс деп қабылдаулары.
– Қазір ажырасу емес, сотта татуласу сәнге айналған. Сондықтан тату жүріңіздер дедім, - дейді аудандық соттың төрағасы Н.Тұржанов. Некені сақтап қалуда Қазақстан Республикасы Жоғары сотының бастамасымен пилоттық жобалардың бірі «Татуласу: сотқа дейін және сотта» жобасы іске асып жатқанын айтты. Түпқараған аудандық деңгейде басшылармен, психолог мамандармен және құқық қорғау саласының қызметкерлерімен біріккен жиын өткізіліп, көптеген ұсыныстар да айтылғанын жеткізді.
«Ырылдассың, қаппассың, менен артығын таппассың»
Бұрынғы ата-әжелеріміз осылай деп айтып отыратын. Қаншама қазақтың отбасын сақтап қалған да осындай ұстаным деп ойламайсыз ба? Бүгін бір нәрсеге ренжісе, ертең-ақ ұмытылып кететін шаңырақтың кішігірім кикілжіңі кім-кімде де болып тұратыны анық. Тағы бір көрініске куә болғыңыз келсе, аудандық сот төрағасының мына сөздеріне зер салыңыз:
– Отбасының берекесін сақтау оңай шаруа емес. Нағыз ерлеріміз ғана өзінің шағын мемлекетін қандай жағдайлардан да аман сақтай алады. Бірде тағы неке бұзуға арыз келіп түсті. Іс қаралатын уақытта арыз берген отағасы сотқа кешігіңкіреп келді. Жағдайлары жақсы, отбасында балалары да бар. Бір жағдаймен келіспеушілік орнаған. Қалайда татуластыру керек деп ойладым. Сонымен сот отырысына кешігіп келген отағасымызға «сотты құрметтемеушілік» деген айып тағып, 10 күн қамаққа алуға шешім шығардым. Кейін ол кісі келіп, өзінің алғысын айтты. «Қамақта отырғанымда көп нәрсеге көзім жетті. Ағайын, танысым келмесе де, уақытылы 3 мезгіл тамақ тасып, жағдайымды сұрап келген өзімнің ажырасайын деп жүрген әйелім ғана болды. Кейде тез шешім қабылдап қояды екенбіз ғой, енді түсіндім» дегені бар. Арамыздағы кейбір жұптар осылай бір-бірінің жақсылығын көрмей, бақытын бағаламай жүр, - деді.
Басқа адамдардың да әсері бар
- Мынадай да жағдай болған, - деп тағы сөзін жалғады Н.Тұржанов. – Біздің жастарға ақыл айтатын үлкендерімізге кейде таңғалмасыңа болмайды. «Ішіме сыйған шұбар жылан, сыртыма да сыяды» деп ана қызына ақыл айтса, «Жақсы келін табылмас дейсің бе?» деп бір аналар ұлдарын қайрайды. Сөйтіп «ақыл айтқыш» үлкендер тым жақсы отбасының шырқын бұзып тынады. «Тыныш отырыңдар, бетімізге шіркеу салмаңыздар. Ажырасады деген не сұмдық» деп тыйып тастайтын құда-құдағиларымызды қоғамымызға толық қайтармайынша, берік шаңырақ орнықпайды деп ойлаймын. Өткенде бір отағасымыз ажырасуға арыз жазып кетті. Арызында өзі сотқа қатыспайтынын, екі апасының қатысуымен ажырасу ісін қарай беруін өтінген. Оның отбасына екі апасының қандай әсері бар? Жаны ашитын апалары болса, неліктен ажырасуға жол береді? Көкейде түрлі сұрақтар пайда болады? Әрине, ері мен зайыбының бірінің қатысуынсыз сот отырысы жасалмайды. Екеуінің бірдей қатысуы міндеттелгендіктен бұл іс кейінге қалдырылды.
Бір күні отағасына ренжіген тағы бір жас келін арызын әкелді. Көп ұзамай, жазған арызын қайтарып алуға келді. Себебін сұрағанымызда "Ата-енем, туған-туыстары келіп, татуластырып кетті. Ағайын-туыстың арқасында отбасымыз сақталып жатыр", - деді.
Міне, осы екі жағдайдың өзінде екі көріністі көреміз. Қандай жағдай болмасын отбасын сақтап қалудың әрекеті жасалса, оған отбасы мүшелерінің, туған-туыстың жақсы ықпалы болса, қандай керемет болар еді?! - деді.
Ойлануға уақыт керек
«Уақыттың өзі емші» дейді тағы да үлкендеріміз. Ұсақ-түйек отбасылық кикілжіңнің ұмытылуына уақыт көмектеседі деп есеп тейді сот қызметкерлері. Сондықтан ажырасамыз деген ерлі-зайыптыға ойлануға мерзім беріледі екен.
– Нарықтық қоғам отбасылық құндылықтарды кері ысырып қоюға тәрбиелеп жатыр. Бұрын тек ер адамдар жұмыс жасап, қаржы тапса, бүгінде ері де, зайыбы да тынбай еңбектеніп жатыр. Бірде ажырасу ісін тағы қарадық. Қатысып отырған әйелі базарда сауда жасайды екен, ешнәрсеге келісер емес. «Бала да, басқа да керек емес, өзім-ақ өз күнімді көргім келеді» дейді. Баласынан бас тартқан аналарға не деуге болады? Базардың тәрбиесін бойына сіңіруге, барлығына сатушы көзімен қарауға болмайтынын түсіндіріп беретін үлкендеріміз қайда? 3 айдай уақыт бердік ойлануға, - деді Н.Тұржанов.
- Баласынан бас тартып тұрған шешеге 3 айда ақыл келе қояды деп ойлайсыз ба?
- Бір нәрсе деп шешіп айтуға болмайды. Кім біліпті, ойланар, болмаса жақсы ақылын айтып, түсіндіретін адам табылар.
- Бәрі мүмкін. Біз де осыған үміттенгіміз келеді.***
Ажырасу себептерінің өсуіне бірнеше жағдайлардың әсер ететінін жоғарыда келтірілген мысалдармен көрсеткіміз келді. Қазір Қазақстанда некемен қосылған 5 отбасының екеуінде ажырасу фактісі тіркеледі екен. Осыдан 10 шақты жыл бұрын ажырасу қылмыс, күнә болмаса ұятты іс болып саналатын. 10 жылдың ішінде бұл қалыпты жағдайға айналғандай, ешқандай эмоциясыз қабылдайтын нәрсеге айнала бастаған. Бірақ бұлай айта салатын оңай нәрсе емесін сіз бен біз жақсы біліп отырмыз. Қалай айтқанда да адамдардың психологиялық күйзеліске түсуіне, әсіресе балалардың тірілей жетімдік күйін тартуына қоғам болып үн қатуды сот қызметкерлері құп санайды. Сондықтан да өз тәжірибелерінде отбасын сақтап қалу жолдарын жетілдіру керек деп есептейді. Конституциялық баптарды түсіндіру, бейнекөрініс жасауда да бастама жасап, татуластыру жобасын қолға алып жатқанын да жаңалық ретінде айта кеткен жөн.
– Ажырасуды болдыртпау, оған заңды тұрғыда біржола тоқтау қою мүмкін емес. Конституциямыздың баптарында, дініміздің шариғатында да отбасын сақтаудың маңызды екені айтылған. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп аталарымыздың неліктен айтқанын бүгінде шаңырақ көтерген әрбір жұп түсінген шығар. Жаман әдеттен арылып, отбасын сақтауға болады. Ол үшін шаңырақта «мен» деген менменсіген жалған көкіректен арылып, орнына сабырлық, түсіністік және сыйластықты өзіміз орнатуға жұмыстануымыз керек, – дейді сот қызметкерлері аудан халқына үндеу тастап.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА