Жаңа жыл қарсаңында Жаңаөзенде Президент шыршасының шамы жағылды. Жаңа жылдық шырша салтанатын мектеп оқушылары бастап берді. Қалалық әкімдіктің қолдап қуаттауымен «Өнер» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынының ұжымы ұйымдастырып, өткізген мерекелік шараға қала мектептерінің әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұялар мен көп балалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ үлгерімі жақсы, өнегелі істерімен өрнек болып жүрген 230 өрен қатысты. «Өнер» мекемесінің жиырмадан астам жүйріктері тарту еткен бір жарым сағаттық қызықты бағдарламаға сол балалардың ата-аналары мен мектеп басшылары, жауапты ұстаздары да қатысып, ара-арасында болып жатқан ойын-сауыққа өздері де араласып, атсалысып отырды.
Балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтауға келген қала әкімі Әділбек Дауылбаев бастаған ақ жағалылар да ертегілер әлемінің қиял ғажайып құшағына енгендей, өздері де балалық бал дәурендерінің бақытты шақтарына саяхат жасағандай оқушылармен біріге қол ұстасып, шыршаны шыр айналып, билеп шықты. Әрине, бұл бақыттың бесігіне бөленген балаң көңілді бір серпілтіп, балауса өмірдің бағына бастағандай әсер қалдыратыны ақиқат.
Міне, осындай көтеріңкі көңілдегі келешектеріміз түрлі-түрлі тәттілерді сыйлыққа алып, көлемі 5 миллион теңгелік әртүрлі киім-кешектерге де ие болып, жаңа жыл қарсаңында ортайған көңілдері толып, бір жадырап қалды.
- Енді қалалық ішкі істер басқармасы, қалалық аурухана сияқты басқа да бюджеттік мекеме қызметкерлерінің балаларына да осы шыршасының саясында жаңа жылдық мерекелерін ұйымдастырып береміз, - дейді «Мұнайшы» мәдениет үйінің директоры Дәмелі Өтебаева. – Қамқорлыққа аса мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі балғындарымызды да назардан тыс қалдырмаймыз. Қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі, зағиптар қоғамы секілді мекемелер мен ұйымдар әрине ол балаларды құрқол қайтармайды. Ал біздер әлгі бір жарым сағаттық ойын-сауықтық бағдарламамызды баршасына ұсынамыз. Сондай-ақ, бізге қаламыздағы теміржолшылар мен газ шаруашылығы саласының қызметкерлері де тапсырыс беріп отыр. Осы орайда жанымызға желеу болып жүрген «Өзенмұнайсервис» ЖШС басшыларына да алғысымызды айтамыз.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="68304,68303,68305"]