Бүгін жанармай және сұйытылған газ мәселесі бойынша Өңірлік коммуникациялар орталығында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов және облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаеваның қатысуымен брифинг өтті.
Таңертеңнен түске дейін ақылы түрде жанармай алуға болады
Бұған дейін білетініміздей, Қазақстанда 3 жанармай өңдеу зауытының 2-еуі жөндеуде тұр. Сол себепті өңірде бензин тапшылығы болып отыр. Жанармай нарығындағы тапшылық Қазақстанға төртінші мұнай өңдеу зауытын салу керектігі жайлы әңгімені қайта қозғады. Жақында Қазақстанға Ресей Федерациясынан 100 000 тонна бензин әкелінгендігі туралы БАҚ жазды. — 28 қазан күні Павлодар мұнай өңдеу зауыты ашылады деп жоспарлануда. Біз республиканың көпшілік өңірін осы зауытта өндірілген бензинмен қамтамасыз етеді деп топшылап отырмыз. Бұған қарамастан, егер бензин толық қамти алмаса, Ресей мемлекетінен әкеліне беретін болады. Көршілес Ресейде бензин бағасы бізбен салыстырғанда қымбатырақ. Сол себепті, Ресейден келген жанармай импорт болып саналғандықтан, бензин бағасы өсуі — заңдылық. Дегенмен, алдағы уақытта өз елімізде жанармай өндіру көлемі ұлғаяды, сөйтіп жанармай бағасы азаятын болады, — дейді Бекмұрат Қыдырбайұлы. Ал Венера Тұранқызының айтуынша, қазір «ҚАЗМҰНАЙГАЗ», «HELIOS», «SINOOIL» сияқты ірі операторлық бекеттерден түске дейін ғана қолма-қол төлеп, жанармай ала аламыз. Ал қалған уақыттарда — тек талон арқылы. — Бүгінгі таңда 92 АИ және 95 маркалы жанармай шығару тығырыққа тіреліп отыр. Қазір Маңғыстауда 95 маркалы жанармайды айтпағанда, 92 маркалы жанармаймен қамтамасыз ететін 3 ірі оператор бар: «ҚАЗМҰНАЙГАЗ», «HELIOS», «SINOOIL». Бұл операторлар негізінен жанармайды талон арқылы беріп отырса, таңнан түс мезгіліне дейін ақылы түрде қызмет көрсетуде. Өкінішке қарай, уақыт мерзімі шектеулі. Маңғыстауда 47 жанармай бекеті бар. Соның ішінде аталған 3 ірі оператордың әр ауданда филиалдары бар. Бұдан бөлек, 13 ұсақ операторлар жанармаймен қамтамасыз ете алмай отыр, — дейді ол. Венера Тұранқызы келтірген деректер бойынша бүгінгі таңдағы жанармай бағасы:Бензин тапшылығынан газға кезек көбейді
— Соңғы кездері жанар жағар май нарығында болып жатқан қиыншылықтар облысымызға да әсерін тигізуде. Соңғы кездері кейбір жанармай бекеттерінде бензин еркін сатылымда болмай, кейбір жанармай маркалары сұранысқа шақ келмей отыр. Сол себепті соңғы кездері газды пайдалану күрт өсті. Бензин және газды қатар пайдаланатын көліктер тек газбен жүре бастады, — деді облыс әкімі орынбасары Бекмұрат Жүсіпов. Бекмұрат Жүсіповтың айтуынша, газ бекеттерінде көліктер кезегі көбейген. Облыс басшысының тапсырмасымен тез арада жұмысшы тобы құрылып, бұл мәселені шешу тапсырылған болатын. Облыс әкімінің орынбасары «Қазмұнайгаз» өнімдері газ сату бекеттерінде газ бағасы 5 теңгеге арзан болғандықтан, аталған станцияларда кезек көп деп есептейді. — Бүгінгі таңда біздің өңірде 2000 тонна шамасында газ қоры бар. Бұл қор шамамен 5-6 күнге жетеді деп жоспарланған. Егер газ тапшылығы орын алса, біз дер кезінде бұл мәселені шешіп отырамыз. Ақтөбе газ өңдеу зауытымен де келісім орнаттық. Сол себепті алдағы уақытта газ мәселесі өршиді деген негіз жоқ, — дейді Бекмұрат Жүсіпов.Айгүл ДӘДЕН