Берсе ал, шақырса бар!
[ 2017 ] 9 маусым, 09:37 | Жаңалықтар
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасында жұмыс күші артық өңірлерден тапшы аймақтарға азаматтарды ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу арқылы еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру туралы айтылған болатын. Осыған орай Ақтау қаласында ерікті қоныс аудару форумы ұйымдастырылып, форум аясында солтүстік және шығыс өңірлерден келген жұмыспен қамту саласының мамандары Мұнайлы ауданында да болды.
Кездесу аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Гүлмира Қалмұратованың, сондай-ақ ауыл жұртшылығы мен мекеме басшыларының, депутат, ардагерлердің қатысуымен өтті. Сапар мақсатына сай жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар мекемелерінің Павлодар облысындағы басқармасы басшысы Балтабай Қаппасов, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарындағы басқарма басшыларының орынбасарлары Ринат Елжасов, Асқат Садиров өз өңірлеріне келемін деушілерге берілетін мүмкіндіктер туралы баяндады. Сондай-ақ, Гүлмира Қалмұратова жергілікті жердегі халық саны мен жұмыссыздар жағдайынан ақпар беріп, ерікті көшу саясатының мәніне тоқталды.
- 20 жылдан бері кім, қайда қоныс аударамын десе де шектеу қойылмады. Соның арқасында түбек тұрғындары екі есеге дейін өсті. Өлкеміз ірі аймаққа айналып, өнеркәсіптің ортасы, қандастардың мекені болды. Қазір маңғыстаулықтар саны 700 мыңға жуықтайды. Туу көрсеткішінен бірінші орындамыз. Тағы 5-10 жылдан 800 мыңға да жетуіміз мүмкін. Бізде бұлай болғанымен өзге өңірлердің демографиясы кері кетіп жатса, ол да проблема. Мысалы, Маңғыстауда бір жұмыс орнына бәлен кісіден тура келсе, кейбір аймақтарда мүлде адам жетпейді. Әлеуметтік нысандар бос тұр. Еңбекке қолы тапшы. Көшіп кеткен. Бізде керісінше. Соңғы бес жылда оралмандарға квота, қаржылай көмек бөлінбегені белгілі. Дегенмен көштің легі үзілген емес. Жақын-жуығын паналап болса да қандастарымыз елге оралуда. Туысы бір немесе екі күн қарайласар, одан әрі өздігінен өмір сүріп, бейімделіп кету қиын болып отырған отбасылар да бар. Сондықтан, бұл саясат аймақтардағы тепе теңдікті қалыптастырады. Жастар жаңа мамандықтарды игеріп, жұмысқа тұрып, баспанамен қамтыла алады. Ел көреді, жер көреді. 21 ғасырда халықты тек қана шикізатпен асрауға болмайды. Сол үшін жаңа салаларды игеру қажет. Осындай мақсатпен Маңғыстауды да көшуге жататын аймақтар қатарына қосуға жұмыстандық,-деді Г.Мұратқызы. Ақтау қаласының қазіргі тұрғындарының көбі шаһар құрылысы үшін келіп, тұрақтап қалғандар екенін тілге тиек еткен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, теміржолшы ардагер Табылды Әміров та көшу жайында өз ойын айтты. Ол " Облыс орталығын салу үшін кезінде бір елдің аумағынан да емес, Кеңес Одағы бойынша қаншама жастар келді. Онда қазіргідей газ да, су да, тоқ та жоқ. Шатырларда тұрды. Жұмысы біткесін де осында тұрақтап қалғандары болды. Еліне кеткендері де өздері тұрғызған қаланы қимай, қайта келді. Ал қазір қалай? Баспананды да, жұмысынды да дайындап, көтерме жәрдемақысын беріп, бар қолайлылықты жасап отыр. Маңғыстауда тұрдың не, басқа облыста тұрдың не, бәрі бір қазақтың жері. Бұрыңғыдай көлік жоқ, хат жазсаң айлап күтетін заман емес. Ұщақ ұщып, пойыз жүріп, телефон жасап тұр. Ағайын-туыстан алыстығың байқалмайды да. Зейнеткерлерді қабылдайтын болса мен де көшер едім,-десе, Батыр ауылының бастауыш ардагерлер ұйымы төрағасы балаларымыз барып, шақырып жатса біз де қалмаймыз, көшеміз,-деді.
Жиын барысында қонақтардан баратын жерлеріндегі әлеуметтік сұраныстардың өтелуі жайына қызығып, сұрақтарын қойғандар да кездесті. Олар негізінен мектеп, үй, балабақша мәселелерін көтерді. Г.Қалмұратованың айтуынша, көшуге ынталы, бірақ осындай сұрақтар мазалайтын азаматтар үшін жағымды жаңалық бар. "Тұрғындарды ол жаққа жіберсек болды, деп қарап отырмаймыз. 1-2 жыл бойына жағдайын қадағалаймыз. Оған қоса қазір "Өркен" атты бағдарлама дайындаудамыз. Сол арқылы жерлестеріміз баратын жерлерде мамандар ұстаймыз. Олар еңбекақысы тиімді жұмыстарды іздеп, үйді қайдан табуға, жалдауға болады, басқа да қажеттіліктер бойынша ақпарат беріп отырады. Көшуге ынталыларды өз қаражатымыз есебінен алып барып, көрсетіп келуді ойластырудамыз",-деді бұл туралы.
Балтабай Қаппасов, Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы:
- Павлодарда елімізге алюминий, мұнай, болат, химия өнімдерін шығаратын ірі өнеркәсіп кәсіпорындары шоғырланған. Қазір облыста 3,5 мыңнан астам жұмыс орны бос тұр. Оған механизатор, зоотехник, мал дәрігері, агроном, мұғалім, дәрігер, т.б бағыттар бойынша мамандар қажет. Өңірдің ауылшаруашылығы да қарынды дамуда. Соңғы 15 жыл ішінде ауыл шаруашылығы дәнді дақылдарын егу алаңдары жарты миллион гектарға кеңейтілді. Картоп, сәбіз, бақша, жеміс-жидекпен әйгілі аймақпыз. Сонымен қатар солтүстік облыстарға тән емес қант қызылшасы, брокколи қырыққабаты, пияз өсіріледі. Ғылыми технологиялар көмегімен ауылшаруашылық өнімдерін шығарушылар сапалы өнімдерге қол жеткізуде. Өткен жылы диқандар бір гектардан 12 центнерден дән жинады. Жылыжай шаруашылығы да дами түсуде. Тамат, басқа да көкөніс түрлерін шығаратын бірнеше кешен ашылды. Жыл бойына жылыжайларда жетістірілетін көкөністер қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де дастарханынан табылады. Жарты жылдан бері голланд әдісімен өсірілетін раушан гүлдері дәл осылай сатылуда. Климат өзгерістеріне қарамастан кәсіпорын шетелдіктермен бәсекеге түсе алады. Мал шаруашылығына да барлық жағдай жасалған. Мал өсірушілер "Сыбаға", "Құлан" және "Алтын асық" бағдарламаларына қатысып, өрісін кеңейтуде.
Осындай мүмкіндіктерден болса керек, аймаққа басқа қалалрдан келіп оқитын студенттерге талдау жүргізілгенде басым бөлігі жұмыс жасап қалуды айтқан. Оның ішінде Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келіп оқитындар да көп. Біздегі студенттер оқу бітірмей тұрып-ақ жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар. Бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Жұмыс тауып, орналасып жатса, отбасыларын көшіріп алып келе алады. Оған осы бағдарлама негізінде мол мүмкіндіктер бар. Бағдарламамен былтырдан бері айналысамыз. Осыған дейін Оңтүстік облыстардан 20 жанұя павлодарлық атанып үлгерді.
Ринат Елжасов, Солтүстік Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
- Өңірлердің өзара әрекет етуін ұйымдастыру облыстардың әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды фактор болып табылады. Облысымызда өңірлердің өзара әрекеттесуіне және өзге облыстардан қоныс аударған кәсіби кадрларды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін он шақты жоба іске асырылуда. Бұл мәселе аса өзекті. Өйткені соңғы бес жылда көшіп-қонудың теріс сальдосы байқалуда. Халықтың қартаюы жүруде. 2011 жылдан бастап 2016 жылғы сәуір аралығында халықтың көшуі 25,8 мың адамды құрады. Зейнеткерлер саны 101,1 мың адам болды. Бұл облыс халқының 17,8 пайызы.
Аймақтағы мектептердің 80 пайызы шағын мектептер. Білікті жұмысшы кадрларға сұраныс артып, олардың кейбірлері жабылуда.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі арасында жасалған Меморандумға сәйкес облыста 13 мың 407 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша бос жұмыс орындарының дерекқоры жасалып, ол 1044 жұмыс орнын құрады және олар бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне ұсынылған. 42%-ы білім беру (441 бос орын), 29%-ы денсаулық сақтау (304 бос орын), 19%-ы ауыл шаруашылығы (194 бос жұмыс орны), сондай-ақ бюджеттік және өзге де салаларда 10% (105 бос орын). Сондай-ақ, майлы дақылдарды, құрамында қалайы бар кен орнын өңдеу, логистикалық орталық салу және биоэтанол өндіру бойынша жаңа кәсіпорындар пайдалануға берілуіне байланысты келешекте мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Аймақтар арасындағы өзара әрекеттестік пен ынтымақтастық 2016 жылы еліміздің 5 өңірінен 136 отбасын көшіруге мүмкіндік берді (соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан, Алматы облысынан, Жамбыл облысынан, Ақмола мен Қызылорда облыстарынан ). Оларға жұмысқа орналасуға, тұрғын үй, мектеп, балабақшаларда орындармен қамтамасыз етуге жәрдем көрсетілді. Жеке ісімен айналысатын, өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтар үшін де қажетті жағдайлар жасалады. Соның ішінде жер телімдерін бөлуге, шағын несие рәсімдеуге көмек берілді.
Ағымдағы жылы өңіріміз 110 қоныс аударушы отбасын қабылдауға дайын. Аталған азаматтарды қабылдау барысында жұмысқа орналасуға, тұрғын үймен және балаларға арналған білім беру мекемелерінде орынмен қамтуға ықпал етіледі. Мамандығы жоқ адамдарға Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша даярлау және қайта даярлау курстарынан өту мүмкіндігі беріледі. Жеке кәсіппен шұғылданатындарына жан-жақты қолдау, соның ішінде егіндік шаруашылығы мен мал шаруашылығын жүргізуге жер учаскелерін бөлуге, кредит ресімдеуге және тағы басқаларына қолдау көрсетіледі. Жергілікті атқарушы органдар облыстың 66 елді мекенінде 35 мыңнан астам гектар, соның ішінде 1200 га суармалы егіншілікке жер беруге дайын.
Тұтастай алғанда, осы жұмыс облыстар арасында экономика мен әлеуметтік саланы әрі қарай дамыту мәселелері бойынша тығыз іс-әрекет жасасуға мүмкіндік берері сөзсіз.
Асхат Садиров, Шығыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
- Статистикалық мәліметке сәйкес, көші-қон алмасуы нәтижесінде 2016 жылы облыстан 51,9 мың адам көшіп кетіп, 37,1 мың адам келіпті. Кеткендердің 80 пайызы еңбекке жарамды жастар. Сондықтан, көші -қон барған сайын әлеуметтік өзектілікке айналып барады. Ол ірі өндіріс кәсіпорындарын, ғылым, білім, денсаулық сақтау салаларының білікті мамандарынан айрылуына соқтырады. Көші-қон үдерісінің теріс салдарының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірқатар жұмыстар жүргізілуде. 2014 жылы облыс әкімі мен ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі арасында меморандумға қол қойылған. Бұл бағытта жұмысты ұйымдастыру мақсатында қоныстанушыларды орналастыру үшін қалалар мен аймақтардың тізімі анықталды. Оған өңірдегі 19 аймақтық бөліністің 14-і кіреді және Риддер қаласы. 2014 жылы өзге облыстардан 30 жанұя қоныс аударып келген болатын. Ал 2015 жылы болса жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы Риддер қаласы әкімшілігімен 60 пәтерлік тұрғын үй салынып, оған тағы да 30 отбасы көшірілді. Өткен жылы да облыс халқы 60 отбасымен толықты. Ішінде Маңғыстау да бар. Қазір оның барлығы қажет жағдайлармен қамтылған.
Риддер қаласы мен Шемонаиха ауданында келесі жылы 120 пәтерлік үй тұрғызылуда. Онымен қоныс аударған 120 отбасын пәтерлі етеміз. Сонымен қатар өз кәсібін ашамын деушілерге жер беру қарастырылған. Мал асыраймын десе мал береміз. Шемонаиха ауданында ауыл әкімдері халыққа ыңғайлы жаңдай жасап, еңбек күштерін көшіріп әкелу жөнінде бір-бірімен жарысып жатыр. Өлкемізге келгісі келетіндерге 35 айлық есептік көрсеткіште бір реттік субсидия, қалалық жерге қоныс аударатындарға 12 ай бойына тұрғын үйді жалдау шығыстарына 20-30 айлық есептік көрсеткішке дейін субсидия, ауылда тұруды қалайтындар үшін де баспана жалдау, жалға алу шығыстары мен коммуналдық қызметтерге қаржы қарастырылған.
Түйін
Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 2013 жылы 2,2 млн. адамнан (27 %) 2014 – 2015 жылдары 2,1 млн-ға (25 %) дейін қысқарған. Өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған тұрғындардың саны бұл ретте, соңғы үш жылда 40 %-ға – 2013 жылы 558 мыңнан 2014 жылы 430 мың, 2015 жылы 331 мың адамға дейін азайған. Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың үлесі әлі де 25 %-ды немесе 2,2 млн. адамды құрайды екен. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарындағы 360 мың адам нәтижесіз жұмыстарда немесе қызметі еш жерде тіркелмеген, яки табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен. Олардың жоғары үлесі негізінен ауыл шаруашылығы секторына тиесілі екен. Сондай-ақ негізгі, орта, жалпы және бастауыш білімі бар жұмысты азаматтардың 56 %-ы нәтижесіз жұмыс істейтіндерге жатады екен.
Ұлттық сарапшылар жүргізген болжамды бағалауларға сәйкес еліміздегі тұрғындардың саны 2050 жылға қарай 24,5 млн-ға жетеді. Ағымдағы үрдістер сақталғанда 2050 жылға қарай солтүстік өңір тұрғындарының саны 0,9 млн-ға қысқарып, оңтүстікте 5,3 млн-ға өседі. Бұл ретте оңтүстік аймақта халықтың орналасу тығыздығы солтүстіктен 4 есеге артық болады. Егер 2013 жылы солтүстік аймақтардың халық саны 2 млн. 943 мыңды құраса, 2014 жылы – 2 млн. 945 мың, ал 2015 жылы – 2 млн. 950 мың болған. Яғни еш өзгермеген. Оңтүстікте керісінше, 132 мыңға артқан (2013 жылы – 6 млн. 482 мың, 2014 жылы – 6 млн. 505 мың, 2015 жылы – 6 млн. 614 мың адам). Солтүстік облыстардың барлық тұрғындарымен салыстырғанда 15 жастан кіші тұрғындардың үлесі 20 %-ға жуық, ал оңтүстікте 35 %-дан жоғары. Сол себепті жұмыс күші артық аймақтардан тапшы өңірлерге азаматтарды ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу арқылы еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру қажеттігі туындап отыр. Оған демографиялық өсім жоғары Маңғыстау да кіреді. Түбектегі көші-қон үдерісі мен мен туу деңгейі жағынан белсенді аудан - Мұнайлы. Ауданда орта есеппен жылына 4,5 мыңға жуық бала дүниеге келіп, қазіргі халық саны 140 мыңнан (2016 жылдың 1 мамыр жағдайына) асты. Оның ішінде (осы жылдың бірінші тоқсанына) экономикалық белсендісі 79 862, жұмыспен қамтылғаны 77 995. Жалдамалы қызметкерлер 68 371, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар 9 624. Нәтижелі жұмыспен қамтылғаны 8542, нәтижесіз жұмыстағылары 1082-ні құрайды. Нәтижесіз жұмыспен қамтылғаны өткен жылы бірінші тоқсанда 784-ті құраса, биылғы есептік кезеңде одан 298-ге артқан. Былтыр ол 3137 болған. Бұл көрсеткіштің биылғы алғашқы тоқсаннан 1082-ге жеткенін ескерсек, әлі тағы тоғыз айдың қорытындысында 2016 жылғыдан да асатын түрі бар. Яғни, өз өзін тиімсіз жұмыспен қамтығандар көбейіп келеді. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз (2016 жыл). 2015 жылғы 5,1 пайыздан төмендеген десек те көшіп келушілер мен жастар есебінен қосылып жатқан еңбек күші тағы бар. Өйткені, аудан алыс-жақын шетелдерден оралмандар көп қоныс аударатын мекеннің бірі.
Шахида ЖҰМАН
1209
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.