©
«Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек»
Н.Ә.Назарбаев
Елестетіп көріңізші: Қазақстан. 2022 жыл. Халықтың 80 пайыздан астамы компьютерлік сауатты. Еңбектеген баланы есептемегенде, әріп пен сан танитын Қазақстанның кез келген тұрғыны интернетпен қамтылған. Үйден шықпай-ақ коммуналдық қарызын төлеп, керек десеңіз, сотқа да арызды үйде отырып жазады. Бұрынғыша баласының күнделігін сұрап әуре болмай, интернеттен-ақ бағасын көріп отырады. Міне, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының алға қойған мақсаты – осы.
Бұл бағдарлама цифрлық, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға қолжетімділікті арттыруды, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Елбасының өткен жылғы жолдауында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске қосу жайлы айтуының да мәні осында. Биылғы жолдауында бұған тағы да тоқталды. Осылайша бағдарламаны жүзеге асыру басталып кетті.
Бағдарламада 2022 жылға дейін еліміздің барлық аумағын кеңжолақты интернетпен қамту, инфрақұрылым мен технологияны дамыту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, ақпараттық қолжетімділікті арттыру, электрондық төлемдер жүйесін дамыту мақсаттары көрсетілген. Ауыл шаруашылығы мен өндіріс салалары және көлік логистикасы жүйесін автоматтандыру, электронды сауда-саттықты жетілдіре түсу жоспарланып отыр. Олар 2018-2022 жылдар аралығында жасалуы тиіс.
Бұл үшін бюджеттен 141 048 387 мың теңге қаржы жұмсау жоспарланған. Сондай-ақ жұмыспен қамту саласында да елеулі өзгерістер болады деп күтілуде, яғни 2022 жылға қарай цифрландыру есебінен бірнеше жұмыс орны құрылмақ. Өйткені 2020 жылы еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 4,7% ақпараттық-коммуникациялық сектордың үлесіне тиеді. Бұл саланың еңбек өнімділігі 34% артады деген жоспар бар.
Бағдарлама бірнеше негізгі бағыттан тұрады: экономика салаларын цифрландыру; цифрлық мемлекетке көшу; цифрлық Жібек жолын іске асыру; адами капиталды дамыту; инновациялық экожүйені құру.
Мәселен, экономика саласын цифрландыру бағытында тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ, электр энергетикасы, көлік және логистика салаларына жеке-жеке тоқталған. Болашақта тау-кен өнеркәсібінде кеншілердің кейбір жұмысын автоматтар орындайтын болады. Сол сияқты мұнай саласында барлау, өндіру шығындарын азайту үшін деректерді жаңа құралдар жылдам өңдеп отырады.
«Цифрлық Жібек жолы» бағыты елді-мекендерді интернетпен қамтамасыз етуге негізделеді. Сондай-ақ көлік пен логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, электронды коммерция секілді бағыттарды қамтымақ.
Сонымен қатар жоба аясында өнеркәсіп пен электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік органдардың ішкі қызметтері цифрландырылады. «Ақылды қалалар» қалыптасып, білім берудегі және жалпы халықтың цифрлық сауаттылығы арттырылмақ. Қаржы үнемдейтін көше шамдары, көліктің жылдамдығын бақылауда ұстайтын жолдар мен бейнебақылаулар, көшелердегі тегін интернет желісі сынды артықшылықтар ақылды қаланың жетістігі болмақ.
Ал денсаулық сақтау саласының цифрландырылуы бұл саладағы қателіктер санының азаюына, қызмет көрсету сапасы мен жылдамдығының артуына, сонымен қатар әрбір адамның денсаулығы туралы толыққанды ақпараттық жүйенің құрылуына ықпал етеді. Мәселен, қазіргі таңда SMS арқылы баланың жөргекпұлын алуға, балабақшаға тіркеуге, тіпті баланың туу туралы куәлігін шығартуға болады.
Жалпы жаңа технологиялардың пайда болуы қызметтің жоғары сапалы әрі тез көрсетілуіне мүмкіндік береді. Осы мақсатта халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру үшін Білім және ғылым министрлігі тарапынан бірқатар бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Мектептерге «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні енгізіліп, осы салада білім гранттары көбейтілген.
Бағдарлама алдағы 5 жылға бірқатар мақсат-міндеттерді жүктеді. Нәтижесінде еліміздегі бірнеше жүйені цифрландыру қажеттігін көрсетті. Осы орайда «Бұл уақыт аралығында бағдарлама діттегеніне қол жеткізе ала ма?» деген сұрақ та туындауы ықтимал. Мамандардан сұрап көрдік.
- "Иә" деп жауап бере аламын. Себебі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы тың түсінік емес, өйткені Қазақстан ИТ-технологияларға бүгін кірісіп жатқан жоқ қой. Бұған дейін де талай ИТ жобалар, технологиялық шешімдер әр салада азды-кемді қолданысқа енгізіліп, халықтың жұмысын жеңілдетіп жүр – онлайн сервистер, әлеуметтік ортада интернет арқылы төлемдер, мемлекеттік қызметтердің бірыңғай түрлері және т.б. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты да – осы, әр бағытта қалыптасқан технологиялық шешімдерді өзара интеграциялау арқылы ортақ жетілдіру, қамтылмаған бағыттарды әрі қарай цифрландыру және оның біртұтас болуына мүмкіндік жасау деп түсінемін, - дейді Mediana.kz компаниясының техникалық директоры Өмірбек Құрбанбаев.
Бағдарлама жүзеге асқан тұста көптеген қызмет түрлері компьютер құзырына кірмек. Осыған байланысты көпшілік арасында «Соның ықпалынан жұмысшы адамға деген қажеттілік азаймай ма?» деген пікір қалыптасуы да заңдылық секілді. Бұл біздің, Қазақстанның жағдайында қаншалықты мүмкін? ІТ мамандар бұған алаңдаудың еш қажеті жоқ дейді.
"Бір жағынан солай, жасырып қажеті жоқ. Бірақ өз басым басқаша аргументті алға тартамын. Ойланып қараңыз, қазіргі заманда кез келген мемлекет заманауи технологияларды өзінің даму жолын жетілдіру мақсатында қолданады. Қай ел болса да, технологияларды экономикасының жақсаруына септігін тигізу үшін енгізіп жатады. Яғни, экономика дамиды, бірақ адамдардың жұмысы азаяды. Бұл, логикаға салып қарасаңыз, әлеуметтік қаржы көлемі ұлғаяды деген мағына. Адамдар аз жұмыс істесе де, экономиканың кіріс көлемі үлкен болғандықтан, адам басына бөлінуі қажет мемлекеттік және әлеуметтік пакеттердің, социалдық шарттардың нығаюына алып келеді. Қазіргі дамыған елдердің адамдары сияқты, аз жұмыспен көбірек кіріс пен қаржы көздеріне қол жеткізетін боламыз. Екінші жақтан, адамдардың көбірек саяхаттарға шығуына, уақытылы дем алуына, денсаулығына көбірек көңіл аударуына деген көзқарас қалыптасады", - дейді Өмірбек Құрбанбаев.
Ал бұған қатысты ІТ эксперт, “Timur Academy” оқыту орталығының басшысы Тимур Бектұр «Индустрияны цифрландыру, адам жасайтын жұмыстарды роботтандыру, смарттандыру - осыған дейін ол жерде жасап жүрген адамдардың жұмыссыз қалуына әкеледі. Бірақ біздің елде көп нәрсе дұрыс емес екенін бәріміз білеміз. Яғни, әлемдегі қалыпты нәрселер бізде керісінше жұмыс жасайтынын қаперге ала отырып, елімізде жақын арада дәл осы цифрлануға қатысты жұмыссыздық артпайды деп нық сеніммен айта аламын» деген пікірде. Ол әкімдіктер мен министрліктердің вакант орындары күн санап көбейіп жатқандығына байланысты, цифрландыру жұмыссыздыққа әкеледі деуге біз үшін әлі тым ерте деп санайды.
«Себебі, біріншіден, біздің елде кадр мәселесі, жұмысшыларды, еңбек күшін ұйымдастыру - адам жыларлық деңгейде. Жергілікті әкімдіктер мен министрліктердің вакант орындары күн санап көбеюде. Мысалы, Маңғыстауда 192 мемлекеттік қызмет бос тұр. Ал жеке бизнесте үш тіпті төрт адам жасайтын жұмысты бір адам жасап жүргенін жұрттың барлығы біледі. Себебі, жеке бизнесте HR атымен жоқ және жалақы үнемдеу арқылы еңбек күшіне көп ресурс бөлмейтіні ешкімге жасырын емес. Осынша еңбек күшіне дефицит боп тұрғанда, цифрландыру жұмыссыздыққа әкеледі деуге біз үшін әлі тым ерте».
Айта кетейік, кадрларды қайта даярлау саласында жергілікті атқарушы органдар тұрақты негізде халықты, оның ішінде жұмыссыздарды қажет деген цифрлық дағдыларға оқытатын болады.
Қазіргі таңда дамушы елдерде интернет жедел қарқынмен өсіп келеді. Ғаламторға қосылған 35 миллиард құрылғы өзара деректер алмасып отыр. Әлем тұрғындары бұл көрсеткіштен 5 есе аз. Әлемде 15-тен астам ел қазір цифрлық жобаларды қолға алды. Олардың алдыңғы қатарында Қытай, Сингапур, Дания, Оңтүстік Корея, Жаңа Зеландия, Канада сынды мемелекеттер бар.
Мәселен, Сингапур «Smart Nation», Оңтүстік Корея «Креативті экономика» жобасын іске асырса, Дания 2015 жылдан бері барлық азаматты мемлекеттік органдармен тек интернет арқылы тілдесуге міндеттеген. Сингапур «ақылды экономика» қалыптастырып үлгерсе, Қытай «интернет плюс» жүйесін жүзеге асырды. Жаһандық ауқымдағы құбылыстың ізгі жалғасы «Цифрлық Қазақстан» жобасы бізде де өз жұмысын бастады.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда Маңғыстау облысы қарқынды іске кірісті деуге негіз бар. Оған дәлел – білім, денсаулық саласындағы, сот жүйесіндегі электронды жүйелердің іске қосылуы. Бұл мәселеге қатысты Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Байланыс және ақпарат министрі Дәурен Абаев: «Қаржыға байланысты «Цифрлық Қазақстан-2020» бағдарламасы екі жылға шегерілді. Бұл бағдарламаны 2017 жылдан емес, 2019 жылдан іске қосамыз. Ал биыл пилоттық жоба ретінде желтоқсан айында Маңғыстау облысынан бастап көреміз. Бұл облыс дайын отыр», - деген болатын.
Қазіргі таңда арыз-шағымдарды құзырлы органдарға бармай-ақ электронды сот жүйесі арқылы онлайн жолдауға мүмкіндік бар. Республика бойынша орта мектептерде қолданылатын kundelik.kz жүйесінің жаңа нұсқасы дайындалды. Маңғыстау облысы мектептерінде mektep.edu.kz электронды журналы жұмыс істейді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова да атап өткен еді. Оның айтуынша, енді өңір мектептеріне қағазсыз электронды журналмен жұмыс істейтін жүйені енгізіп көрмек. Пилоттық жоба жақсы нәтиже берсе, келер оқу жылы толықтай іске қосылмақ. Бұл да аталмыш бағдарламаның жедел іске асуына өзіндік үлесін қосары сөзсіз.
Технологияландыру еліміздің барлық секторына қатысты болмақ. Сондықтан 2022 жылға қарай білім беру, денсаулық сақтау, элеуметтік, экономикалық салалардың сапалы дамуы күтіліп отыр.
Қазір елімізде 6-74 жас аралығындағы ерлердің 77,6%-ы, әйелдердің 74,8%-ы компьютер қолданады. Бұл мәлімет ерлердің ақпараттық технологияларды қолдану көрсеткішінің басымдығын көрсетеді. Бұл туралы profit.kz сайты ҚР Статистика комитетіне сілтеме жасап 2017 жылдың мамыр айында хабарлады.
Бағдарлама жасақтаушылардың бірі «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ басқарма төрайымы Әсел Жиенбаева бір сөзінде "Жеткілікті ресурстар болса, бағдарлама дұрыс басқарылса, онда ішкі жалпы өнім де 5 пайыз үлеске жетпек. ІТ секторында қосымша 150 мың жұмыс орны ашылады. Мұнымен қоса, еңбек өнімділігінің өсімі 37 пайызды құрап, халықтың компьютерлік сауаттылығы 85 пайызға дейін артады", - деген болатын.
Бағдарламаны енгізудегі басты мақсат - бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу. Бүгінде Қазақстан электронды үкімет индексі бойынша 33, желі дайындығы бойынша 39 орында екен. Компьютерлік сауат көрсеткіші – 76,2%. Егер "Цифрлық Қазақстан" жобасының жұмысы жоспар бойынша жүргізілсе, осы салада әлемдегі ең озық 15 елдің қатарына кіру мүмкіндігіміз молаймақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА