Облыс әкімдігінде Қарақия және Маңғыстау аудандары әкімдерінің есептік баяндамасы тыңдалды. Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен кеңесте 2018 жылдың қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтылды. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
2018 жылдың бірінші жартысында атқарылған жұмыстар туралы алдымен Қарақия ауданының әкімінің м.а. Қыдырберді Беков мәлімдеді.
Қарақияда өнеркәсіп өнімдерінің ауқымы 2018 жылдың алғашқы алты айында 519,6 млрд. теңгені құраған. Көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 139,8 млрд. теңгеге өсіп, өнеркәсіптік өндірістің индексі - 102,9 пайызды құраған.
-Бұл мерзім ішінде 76 887,0 млн. теңге инвестиция негізгі капиталға салынды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 33,8 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге артты. Ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 771,2 млн. теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,9 пайызға өсті. 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында 1500 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 1288 тұрақты және 212 уақытша. 2018 жылдың қаңтарынан маусымына дейін 840 адам жұмыссыздыққа қарсы әлеуметтік қорғау шараларымен толық қамтылды. Атап айтқанда, тұрақты жұмысқа 527 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 55 адам, жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша 32 адам, қоғамдық жұмыстарға 125 адам жіберілді, - деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Қыдырберді Беков.
Сондай-ақ бүгінгі күні Қарақия ауданы бойынша 485 шаруа қожалығы тіркелген, оның 41-і егін шаруашылығы. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, мүйізді ірі қара мал саны – 2724 бас, қой – 60784 бас, ешкі – 12665 бас, жылқы – 13775 бас, түйе – 11742 бас, құс – 3426 бас.