©
Қоғамдық көліктер мен маршруттарда жүріп, қалта ұрлығын кәсіп қылғандар кездесуде. Мәселен 10 шілде күні сағат 8:30 шамасында Ақтаудағы 11-12 шағынаудан аралығында қоғамдық көлікте ұрлық болды. Автобусқа мінген белгісіз ер адам әйелдің әмияны мен ұялы телефонын білдіртпей ұрлаған. Ұрлық болғанын байқаған әйел қасындағы кісіден күдіктеніп автобустан бірге түсіп, не болғанын анықтауға тырысады. Сол сәтте «Сұңқар» экипажының өтіп бара жатқанын көріп, қолын бұлғап патрульдік машинаны тоқтатады. Ал күдікті бір мезетте жоқ болып кетеді. Полицейлер ұрының ізін суытпай ұстаған. Қазіргі таңда күдікті Ақтау қаласындағы ІІБ-не жеткізілген. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Маңғыстау облысы ІІД-нің мәліметінше, 2017 жылдың 6 айымен салыстырғанда жыл басынан бері ұрлық саны азайған. Былтыр 1414 ұрлық болса, биыл 1071 ұрлық тіркеліп отыр. Ал, 2017 жылдың осы кезеңінде 334 пәтер ұрлығы болса, ағымдағы алты ай ішінде 287-ге жеткен. Сондай-ақ өткен жылы бұзақылық саны 181 болса, қазір 166-сы тіркелген екен.
МО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл қоғамдық орындарда 526 қылмыс тіркелген. Биыл 268 көше қылмысы (былтыр – 315), 236 бұрын жасалған қылмыс (былтыр – 256), 171 топтық қылмыс (былтыр – 191) тіркелген.
Былтырғы жылмен салыстырғанда жалпы қылмыс саны 2917-ден 2619-ға азайған. Олардың 394 - жеңіл қылмыс, 1380 - орташа қылмыс, 266 - ауыр қылмыс болса, жыл басынан бері 18 аса ауыр қылмыс жасалған.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Сурет сайттың архивінен