©
Шілденің алғашқы күндері басталысымен өңірде күн қатты ысып, су тапшылығы сезілді. Тіпті, кейбір шағынаудандардың жоғарғы қабаттарына су жетпеген кездері болған. Бұл туралы бүгін Ақтау қалалық әкімдігінде су және электр энергиясын қамтамасыз ету мәселелері жөнінде брифингте айтылды. Аталған шараға «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС, «АУЕС» МКК және «КЖСА» ЖШС өкілдері қатысты.
Брифинг барысында суды тұтыну мен электр энергиясына қатысты мәселелер талқыланды. Қатысушылар журналистердің сұрағына жауап берді.
«Негізгі себептің бірі - күннің қатты ысып кетуі, ауа температурасының көтерілуі. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нің теңіз суын тұшытытатын қондырғылар 20 градустық суға есептелген. Ал өткен аптада теңіз суының температурасы 30 градустан асып кеткен. Мұндай жағдайда су өндіру мүмкіндігіміз кішкене шектеліп, 10-15%-ға төмендеді. Бұл ретте қала әкімшілігі мен облыс әкімшілігі, Каспий су тұшыту зауытымен бірлесіп қаланы сусыз қалдырмау мақсатында мәселелер шешілді», - деп атап өтті «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС директорының кеңесшісі Қолғанат Нұржаубайұлы.
«МАЭК Қазатомпром» мекемесінің өкілі Сәбит Желкушиновтың айтуынша, Ақтауда ауыз суды тұтыну жылдан-жылға көбейсе, керісінше техникалық су қолданысы азайған. Тіпті, ыстық күндері ауыз су пайдалану 33 мың м3-тан 40мың м2-қа дейін ұлғаяды екен.
«Негізі қалаға берлетін су шектелмейді. Су тұтыну көлемі пайдаланған көлемімен есептеліп отырады. Күн қатты ысыған күндері су тұтыну көлемі 40 мың м3 дейін көтерілді. Қазіргі таңда жағдай реттелді. Судың температурасының төмендеуіне байланысты тұтынуда төмендеді. Қазір қалаға 32 мың м3 су беріліп отыр. Жоғарғы қабаттарға су келмей қалды дегенге келсек, дәл сол кезде гүлдер мен ағаштарды суғаруға байланысты су жоғары қабаттарға көтерілмей қалған болатын», - деді Қолғанат Нұржаубайұлы.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ Сурет сайттың архивінен