©
Бүгін Ақтау қаласында үстел теннисінен ардагерлер арасындағы республикалық чемпионат басталады. Аталмыш сайыс Маңғыстауда алғаш рет 2015 жылы сәуір айында өткізілген болатын.
Жарыстың алғашқы күні әр облыстан ойыншылар келген қатысушылар жеребе тастап, жұбын анықтайды. 5-8 шілде аралығында өткізілетін турнирге 8 облыс және 2 республикалық деңгейдегі Алматы, Астана қалаларының ойыншылары қатысып, бақтарын сынамақ. Ойынға 60-тан аса ардагер-теннисші қатыспақ, оның жартысы Маңғыстау облысынан, ал қалғаны республикадан келгендер.
ҚР Үстел теннисінің федерациясы МО филиалы төрайымының айтуынша, жарысты өткізудегі мақсат – Маңғыстаудағы үстел теннисін дамыту, спортшылар сапасын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Сондай-ақ үстел теннисінің жасқа шектеу жоқтығын көрсете отырып, бұл спорт түрін насихаттау. Сондықтан чемпионаттың төрешілері етіп өңірдің жас спортшылары таңдалынып алынған.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған сайысқа 40-49, 50-59, 60-64, 65-69, жас аралық топ пен 70-тен асқан ерлер мен 35-70 жас аралығындағы әйелдер қатысады.
Турнирге «ҚР Үстел теннисінің федерациясы» ҚБ, Маңғыстау облыстық дене шынықтыру басқармасы, Ақтау қалалық спорт бөлімі және Үстел теннис федерациясының Маңғыстау облысындағы филиалының бас демеушісі Сұңғат Мұңалбаев қолдау көрсетіп отыр.
Жарыс қорытындысы 8-шілде күні белгілі болады. Әр түрлі жастағы 18 жеңімпазға ақшалай сыйлық пен алғыс хаттар табыс етілмек.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ Сурет сайттың архивінен алынды