«7-20-25»: ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР
[ 2018 ] 5 шілде, 10:52 | Жаңалықтар
Әрбір отбасыны баспанамен қамтуды көздейтін бағдарлама өз жұмысын бастады. Осыған орай Ұлттық банктың Маңғыстау филиалы баспасөз жиынын өткізген болатын. Филиал директоры Марат Әкімжановтың және орынбасарлары Айдар Ашитов пен Нұрлан Сүгіровтің қатысуымен өткен бифингте олар бағдарламаға қатысты барлық сұраққа жауап беруге әзір екендіктерін жеткізді.
Бағдарлама төңірегінде сұрақ туындаған жағдайда «Баспана» ұйымының www.baspana72025.kz сайтына хабарласуға болады, сондай-ақ + 7 (727) 227-20-25 нөмірі бойынша тегін call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді.
Осы орайда Ұлттық банк басшыларына оқырмандарымыздан түскен сұрақтарымызды да қойдық.
- Айлығым ипотекалық несие алуға жетпеген жағдайда маған несие берілмей ме?
- Оның шешімі бар. Азамат өзінің төлеу қабілетін дәлелдеуі тиіс. Егер өзінің айлығы жетпеген жағдайда қоса қарыз алушыны тартуына болады. Кредиттік өнім болғандықтан банк есептейді. Себебі жалақысынан отбасына, өмір сүруіне белгілі бір мөлшері қалуы керек. Бірақ қорқыныш жоқ, жанына қарыз алушы қосып несие ала алады.
- Ипотекалық емес кредитім бар, мен бағдарламаға қатыса аламын ба?
- Ол азаматтың айлық көрсеткішіне байланысты. Кредиттік тарихында ешқандай кемшілік болмаса ала аласыз. Бұл жерде тек ипотекалық кредиті бар азаматтарға ғана шектеу қойылған. Айлығыңыз жетіп тұрса, бұл ипотекалық қарызды алуыңызға мүмкіндік бар.
- Маңғыстау облысында бағдарлама бойынша несие алу басталды ма?Бағдарлама жоспар бойынша екінші жарты жылдықта басталды. Азаматтар осы кредиттер бойынша көрсетілген банктерге хабарласа алады.
- Мерзімінен бұрын төлесем, барлық соманы өтеймін бе?
- Шектеу жоқ. Мерзімінен бұрын толық та, жартылай да төлей аласыз. Толық төлейтін болсаңыз, негізгі соманы, яғни пайдаланған уақытындағы сыйақыны және негізгі соманы төлейсіз.
- Неліктен дәл осы 4 қалада (Астана, Алматы, Ақтау, Атырау) несие көлемі 25 млн теңгеге дейін?
- Ол 4 қала бізде айлық көрсеткіші, қаланың қымбатшылығы жөнінен де жоғары болып отыр. Статистика бойынша басқа өңірлерге қарағанда тұрғын үй бағасы қымбатырақ келеді.
Ұлттық банк қызметкерлері барлық сұрақтарға кез келген уақытта жауап беруге әзір. Бұдан өзге ипотекалық несие жөнінде туындауы мүмкін деген сұрақтар төменде көрсетілген:
«7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАРҒА БЕРІЛГЕН ЖАУАПТАР
Сұрақ
Жауаптар
I. ЖАЛПЫ СҰРАҚТАР
1. Бағдарламамен және оның талаптарымен қайдан толығырақ танысуға болады?
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында http://www.nationalbank.kz/?docid=3539&switch=kazakh сілтемесі бойынша танысуға болады.
2. Бағдарламаның негізгі талаптары қандай?
Мөлшерлемесі жылдық 7%
Бастапқы жарна - 20%
Қарыз мерзімі – 25 жылға дейін
3. Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің (СЖТМ) мәні қандай?
СЖТМ есептік шама болып табылады және қарыз мерзіміне байланысты ерекшеленетін болады. Мәселен, СЖТМ қарыздың 25 жылдық мерзімі кезінде шамамен 7,2%-ды құрайды. Алайда қарыз алушы үшін сыйақы бойынша нақты төлемдер жылдық 7% көлемінде есептелетінін түсінген жөн.
4. Бағдарлама қандай мерзім ішінде жұмыс істейтін болады?
Бағдарламаның мерзімі жоқ.
5. Қарызды қай валютада алуға болады?
Тек теңгемен ғана алуға болады.
6. Банктер қандай комиссиялар алатын болады?
Қарызды бергені және оған қызмет көрсеткені үшін комиссия алуға тыйым салынған.
II. ИПОТЕКАЛЫҚ ҚАРЫЗДЫ ҚАЙДА ЖӘНЕ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?
7. Қарызды алу үшін қашан және қайда өтініш жасауға болады?
Бағдарлама бойынша қарыз алу үшін қатысушы банкке өтініш жасау қажет.
Қарыздарды беру рәсімінің басталуы және қатысушы банктердің тізімі туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына http://www.nationalbank.kz/?docid=3555&switch=russian сілтемесі бойынша қосымша орналастырылатын болады.
8. Бағдарламаға қатысу үшін қандай құжаттар қажет?
Қатысу үшін қарыз алушының Бағдарлама талаптарына, оның ішінде еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуына қатысты талаптарға сәйкес келуін растайтын құжаттар, сондай-ақ банктің талаптарына сәйкес өзге де құжаттар қажет.
III. ҚАРЫЗ АЛУШЫҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
9. Қарыз алу үшін қандай талаптар қойылады?
Бағдарлама бойынша қарыз алу үшін жеке тұлға мына талаптарға сәйкес келуге тиіс:
1) Қазақстан Республикасы азаматтығының болуы;
2) еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуы;
3) ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы;
4) Бағдарламаға қатысушы банкке өтініш берген сәтте меншік құқығында Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үйінің болмауы.
Банктер қарыз алушыға Бағдарламаның талаптарына қайшы келмейтін қосымша талаптар белгілеуі мүмкін.
10. Егер менің ешқандай ресми кірісім болмаса, еш жерде жұмыс істемесем, Бағдарлама бойынша қарыз ала аламын ба?
Кірісі жоқ, яғни төлем жасауға қабілетті болып табылмайтын азамат Бағдарлама бойынша қарыз ала алмайды.
11. Қарыз алу үшін жалақы (кіріс) мөлшері қандай болу қажет?
Қарыз алушы кірісінің ең төмен деңгейі Бағдарламада белгіленбеген. Сонымен қатар қарыз алушының ипотекалық қарызға қызмет көрсету үшін жеткілікті, расталған кірісінің болуы қажет.
Қарыз алушының кірісі жеткіліксіз деңгейде болған жағдайда, қосалқы қарыз алушы тартуға рұқсат етіледі.
12. Қоса қарыз алушыны тартуға бола ма? Жұбайы (зайыбы), жақын туыстары қоса қарыз алушы бола ала ма? Меншік құқығында тұрғын үйдің болмауы жөніндегі талап қоса қарыз алушыға қолданыла ма?
Қоса қарыз алушыларды тартуға рұқсат беріледі. Бағдарламада қарыз алушылар үшін белгіленген талаптар қоса қарыз алушыларға қолданылмайды, оларға қойылатын талаптарды банк дербес белгілейді.
13. Басқа өтелмеген қарыздардың болуы қарыз алу үшін кедергі бола ма? Бұрын менде кредиттер бойынша мерзімін кешіктіру болған, маған қарыз беріле ме?
Бағдарламада өтелмеген ипотекалық тұрғын үй қарызы бар адамға қарыз беруге тыйым көзделген.
Басқа қарыздарыңыздың болуы Сіздің кредит төлеуге қабілеттілігіңізді бағалауға және Бағдарлама бойынша әлеуетті қарыз мөлшеріне әсер ететін болады.
Қарыз алушының кредиттік тарихындағы мерзімі өткен қарыздар қарыз алушының Бағдарламаға қатысушы банк жүзеге асыратын кредит төлеуге қабілеттілігін бағалауға теріс әсер етеді.
14. Қарыз алушының шекті жасы жөнінде Бағдарлама шеңберінде шектеулер бар ма?
Бағдарлама бойынша қарыз алушының жасы бойынша шектеулер көзделмейді. Қарыз алушы қарыз мерзімін банкпен келісім бойынша айқындайды.
15. Бағдарлама бойынша кредит беру кезінде қарыз алушының зейнеткерлік жасының туындауына дейінгі мерзім ескеріле ме?
Бағдарламада қарыз алушының зейнеткерлік жасының туындауына дейінгі мерзім мен қарыз мерзімі арасында тәуелділік белгіленбейді. Қарыз алушы қарыз мерзімін банкпен келісім бойынша айқындайды.
16. Бағдарламаға мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, мүгедектер, көп балалы отбасылар қатыса ала ма? Аталған азаматтар үшін арнайы жеңілдіктер көзделген бе?
Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық санатының қатысуына рұқсат беріледі.
Бағдарлама талаптары барлығы үшін бірдей болып табылады, сондықтан азаматтардың жекелеген санаттары үшін қандай да бір жеңілдіктер көзделмейді.
IV. ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ БОЛМАУЫ ЖӨНІНДЕГІ ТАЛАПТАР
17. Бағдарламаға қатысу үшін қандай уақыт аралығында меншігімде тұрғын үй болмауға тиіс?
Мерзім белгіленбейді. Қарыз алушы қарыз алу үшін Бағдарламаға қатысушы банкке өтініш берген сәтте меншік құқығында тұрғын үйі болмауға тиіс.
18. Егер зайыбында/жұбайында меншігінде тұрғын үйі болып, қарыз алушыда тұрғын үй болмаса, ол Бағдарламаға қатыса ала ма?
Тұрғын үйдің болмауы жөніндегі талап тек қарыз алушыға ғана қолданылады.
19. Егер жалпы үлестік меншікте тұрғын үй болса, қарыз алуға бола ма?
Иә. Тұрғын үйдің болмауы жөніндегі талап жылжымайтын тұрғын үй объектілеріне қолданылады, бұл ретте меншіктегі үлес жылжымайтын тұрғын үйдің жеке объектісі болып табылмайды.
20. Егер сатып алу құқығымен тұрғын үйді жалдау шарты жасалса, қарыз алуға бола ма?
Меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы Бағдарламаға қатысу үшін өлшемшарттардың бірі болып табылады. Тиісінше, азамат банкке өтініш жасаған кезде жалдамалы тұрғын үй оның меншігіне өтпеген жағдайда, банкке қарыз алу үшін өтініш жасауға құқылы.
V. БАСТАПҚЫ ЖАРНА ТУРАЛЫ
21. Бастапқы жарна қалай есептеледі?
Бастапқы жарна сатып алынатын тұрғын үйдің кепіл құнының 20%-ы мөлшерінде есептеледі. Сатып алынатын тұрғын үйдің кепіл құнын анықтауды қатысушы банк жүзеге асырады.
22. Бастапқы жарнаның орнына кепілге басқа баспананы беруге бола ма?
Жоқ. Бастапқы жарна ақшалай қаражатпен енгізілуге тиіс.
23. Бастапқы жарнаны төлеу үшін зейнетақы жинақтарын немесе ҚТҚЖБ-дағы салымды пайдалануға бола ма?
Бастапқы жарнаны қарыз алушы өз ақшасынан төлейді, сондықтан зейнетақы жинақтарын пайдалануға болмайды.
ҚТҚЖБ-да салымды жинақтау баспана сатып алғысы келетін, бірақ бірден бастапқы жарна беруге мүмкіндігі жоқ азаматтарға арналған. Салымды жинақтау арқылы тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы жүйесіне қатысу азаматтарға салыстырмалы түрде төмен мөлшерлемелермен (3%-5%) қарыз алуына мүмкіндік береді.
24. Бастапқы жарнаны 20%-дан төмен мөлшерде енгізуге бола ма? Ақыны бөліп төлеуге бола ма?
20% мөлшеріндегі бастапқы жарна белгіленген мөлшер болып табылады және ол қарыз алғанға дейін бір төлеммен төленеді.
25. Бастапқы жарнаны төлеуге қаражат болмаса, не істеуге болады?
Бастапқы жарнаны бірден беруге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін ҚТҚЖБ-дағы салымға ақшаны толықтыру арқылы тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы жүйесіне қатысу арқылы баспана сатып алу мүмкіндігі бар.
26. Бастапқы жарнаны 20%-дан көбірек енгізуге бола ма?
20% мөлшеріндегі бастапқы жарна белгіленген мөлшер болып табылады және ол қарыз алғанға дейін бір төлеммен төленеді.
Егер Сіздің бастапқы жарнаны енгізу үшін қаражатыңыз көбірек болса, көбірек бастапқы жарна енгізу мүмкіндігін көздейтін басқа ипотекалық өнімдерді пайдалануыңызға болады.
VI.БАҒДАРЛАМА ҚОЛДАНЫЛАТЫН АУМАҚ
27. Шетелден тұрғын үй сатып алу үшін қарыз алуға бола ма?
Жоқ. Бағдарламада Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй сатып алу үшін қарыз алу мүмкіндігі көзделген.
28. Бір қалада тіркелген азаматтың басқа қаладан кредитке тұрғын үй сатып алуына бола ма? Ауыл тұрғындарының осы бағдарлама шеңберінде қалалардан тұрғын үй сатып алуына бола ма?
Сатып алынатын тұрғын үй орналасқан жер бойынша, сондай-ақ қарыз алушының нақты тіркелген жері бойынша шектеулер белгіленбейді.
VII. ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
29. Тұрғын үйге қандай талаптар қойылады? Құрылысы бітпеген тұрғын үйді сатып алуға бола ма?
Құрылыс салушыдан жаңа салынған, пайдалануға берілген тұрғын үйді ғана сатып алуға болады.
30. Сатып алуға болатын тұрғын үйдің ең жоғары құны немесе ауданы қандай?
Тұрғын үйдің ең жоғары құны мынадай болады:
25 млн теңге – Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары үшін;
15 млн теңге – басқа өңірлер үшін.
Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны, сондай-ақ ауданы шектелмейді.
Сондай-ақ қарыздың ең жоғары мөлшері белгіленбейді, 20% мөлшеріндегі бастапқы жарнаны ғана ескеру қажет.
31. Ауылдық жерден тұрғын үй сатып алу үшін немесе жеке меншік үй сатып алу үшін қарыз алуға бола ма?
Егер осы тұрғын үй жаңа салынған және пайдалануға берілген тұрғын үй санатына жатқызылса, рұқсат етіледі.
32. Қай жылдары салынған тұрғын үйді сатып алуға рұқсат етіледі?
Бағдарламада тұрғын үй салынған жылдарға шектеу қойылмайды, себебі бастапқы, пайдалануға берілген тұрғын үйге ғана рұқсат етіледі.
33. Сатып алу үшін қарыздар берілетін жаңа салынған объектілердің және тұрғын үй кешендерінің тізімі бар ма?
Ондай тізім жоқ және болмайды, себебі қарыз алушы бастапқы тұрғын үйді өзі таңдап алады.
VIII. ҚАРЫЗҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЖӘНЕ ӨТЕУ
34. Қарызды мерзімінен бұрын өтеуге бола ма, айыппұлдар салына ма?
Бағдарлама ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігіне тыйым салмайды, бұл жағдайда айыппұл салынбайды.
35. Бағдарлама бойынша 25 жылдан аз мерзімге ипотекалық қарыз алуға бола ма?
Бағдарлама талаптары бойынша қарыздың мерзімі 25 жылға дейін. Қарыздың ең көп мерзіміне ғана шектеу қойылады.
36. Бұрын алынған ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға бола ма?
Қайта қаржыландыруға рұқсат берілмейді.
37. Бағдарлама бойынша кредитке баспана алып, оны сатуға және қайтадан осындай қарыз алуға бола ма?
Қарыз алушыда өтелмеген ипотекалық қарыздардың болмауы Бағдарлама талаптарының бірі болып табылады. Осылайша, Бағдарламаның қатысушысы бола тұрып және ипотекалық қарызға ие бола тұрып, Бағдарлама талаптарымен жаңа қарыз алу мүмкін емес. Бұл ретте ипотекалық қарыз толық өтелген жағдайда, Бағдарлама оның талаптарын сақтай отырып жаңа қарыз алуға мүмкіндік береді.
38. Мен Бағдарлама бойынша қарыз алып, қарызды өтемей, баспананы 25 жыл бойы өзіме қалдыра аламын ба?
Бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық талаптарымен ұсынылады. Сатып алынатын тұрғын үй ипотекалық қарыз бойынша кепілмен қамтамасыз ету болып табылады. Тиісінше, егер қарыз алушы ипотекалық қарызды өтемеген жағдайда, банк кепіл ұстаушы ретінде ипотекалық қарыз бойынша кепілмен қамтамасыз етуді өндіріп алуға құқылы.
Осылайша, ипотекалық қарыз бойынша уақтылы төлемдер жасаудың маңыздылығын түсіну қажет.
39. Құны 5 млн – 25 млн теңге болатын тұрғын үй бойынша ай сайынғы төлемнің мөлшері қандай болады?
Қарыз мерзімі 25 жыл болғанда Бағдарлама бойынша болжамды ай сайынғы төлем бойынша алдын ала есептеулер:
Тұрғын үй құны, теңге Бастапқы жарнаның мөлшері, теңге Ай сайынғы төлем мөлшері, теңге
5 млн. 1 млн. 28 мың
10 млн. 2 млн. 57 мың
15 млн. 3 млн. 85 мың
20 млн. 4 млн. 113 мың
25 млн. 5 млн. 141 мың
Ай сайынғы төлем мөлшерін қосымша есептеу үшін http://www.nationalbank.kz/?docid=1386&switch=russian. сілтеме бойынша калькуляторды пайдаланыңыз.
IX. ӨЗГЕ СҰРАҚТАР
40. Қарыз алу үшін кезектегілердің тізімі бар ма?
Бағдарламада қарыз алу үшін кезектілік көзделмеген, себебі Қазақстан Республикасының барлық азаматтары үшін Бағдарламаға қатысуға тең жағдайлар белгіленген.
41. Бағдарлама операторының облигацияларын қалай және қайдан сатып алуға болады?
«Баспана» ИҰ облигациялары Қазақстан қор биржасына (KASE) орналастырылады. Облигацияларды орналастырудың басталғаны туралы ақпарат қосымша жарияланады. Тізбесі Ұлттық Банктің http://www.nationalbank.kz/?docid=3030&switch=russian ресми интернет-ресурсына орналастырылған брокерлік компаниялардың қызметтерін пайдаланып, облигациялар сатып алуға болады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Сурет tengrinews.kz сайтынан алынды
1003
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.