Бұдан былай ғаламтор беттерінде жалған есіммен пікір қалдыра алмауыңыз мүмкін.
Ақпарат және коммуникация министрлігі ұсынған "БАҚ туралы" Заң жобасындағы өзгерістер қатарында осы талап қызу талқыға түсті. Биыл жазда ұсынылған жаңа тармақ қараша айының соңында Парламент Мәжілісінде мақұлданды.
Бұл өзгерісті енгізудегі мақсат – пікірді кім қалдырғанын білу үшін порталдарға қадағалау мүмкіндігін енгізу. ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев анонимді түрде пікір білдіре алмау туралы ереженің заңға неліктен енгізілгелі жатқанын былай түсіндірді.
- Қазір қарап отырсақ, ұлтаралық, дінаралық жанжалға шақыру, жала жабу, жеке басқа тиісу, алаяқтық жасау оқиғалары көбейіп кетті. Соның салдарынан қарапайым азаматтар зардап шегуде. Сондай бір пікірдің кесірінен бірін-бірін танымайтын адамдар жанжалдасып жатса не болады? Сол себепті де біз интернет қолданушылары өз әрекетіне жауап беруі керек деп ойлаймыз. Бұл талап бірте-бірте әр адамның ішкі фильтріне айналуы қажет. Оның үстіне қазір мұны жасау техникалық тұрғыдан еш қиын емес. Сайттар оны оп-оңай жасай алады, - деді министр.
Алдағы уақытта ғаламторда пікір жазу үшін ЭСҚ (ЭЦП) болуы немесе SMS-сәйкестендіру арқылы жүргізілуі мүмкін. Бұған қатысты 36-баптың 5-1-тармағында: «Жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстың меншік иесінің немесе иеленушісінің пайдаланушының ақпаратты орналастыру бойынша қызмет көрсетуі жазбаша (оның ішінде электрондық) нысанда жасалатын келісім негізінде "электрондық үкімет" порталында сәйкестендіруді пайдалана отырып немесе пайдаланушының шартты жасау үшін бір реттік паролі бар, қысқаша мәтіндік хабарды жіберу жолымен жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурста тіркелген ұялы байланыстың абоненттік нөмірі арқылы жүзеге асырылады» делінген.
Айта кетейік, соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда ЭСҚ қолданушылар саны 4 миллионның үстінде. Бірақ осы орайда олардың барлығы бірдей ЭСҚ-ны қолдана ма деген сұрақ туындайды. Немесе әлі тіркелмегендер "ғаламторға пікір жазуым керек еді" деп сандық қолтаңба алуға бара ма?
Ал SMS-сәйкестендіру арқылы пікір білдіру қалай жүзеге аспақ? informburo.kz сайтының мәліметінше, техникалық тұрғыдан бұл заңның қалай орындалатыны толық жеткілікті айтылмаған. Яғни БАҚ құралы ұялы байланыс операторымен және электронды үкіметпен арадағы жұмысты қалай реттейтіні түсініксіз. «egov.kz жобасымен айналысатын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ БАҚ-тағы пікірлердің қалай реттелетіні туралы ешқандай ақпараттың жоқ екенін мәлімдеді», - деп хабарлайды informburo.kz. Дегенмен «БАҚ туралы» Заңның 36-бабы 6 тармағында былай делінген: «Ұялы байланыс операторлары желіні, ақпараттық жүйені және ақпараттық қамтылымды жаңғыртудың барлық шығынын өздері көтереді».
Жоғарыда көрсетілген 5-1 тармақта пайдаланушының ақпаратын орналастыруы өзінің немесе шартты аты (бүркеншік аты) арқылы жүзеге асырылатыны да айтылған.
«Біз осы мәселе бойынша ақпараттық порталдарға пікір жазушының артында тұрғандарды қадағалау мүмкіндігін беруді жоспарлап отырмыз. Бұл – жасырын атпен жазуға мүлде болмайды деген сөз емес, ақпараттық портал этникалық жеккөрушілік туындаған жағдайда жалған қолданушының кім екенін білуі керек», - деді Дәурен Абаев.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, пікір қалдырған барлық пайдаланушыларды заңсыз мазмұнмен қадағалау мүмкін емес. Пікір жазушының кім екені сайт иелеріне онсыз да белігілі болып тұрады. Дегенмен министр техникалық тұрғыдан ІР-адресті жасыру мүмкіндігі барлығын да алға тартты. Ал бұл пікір иесінің кім екенін анықтауға көбінде мүмкіндік бермейді. Ал егер оқырман біреудің жеке басын қорламайтын, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмейтіндей пікірін жазса, оны тек құптайтындығын жеткізді.
Осы орайда заң жобасына ұсынылған өзгерістер тұрғысында ғаламтор қолданушыларының да пікірін сұрап көрген едік. Ал сіз қалай ойлайсыз?
Гүлмайра, әдебиеттанушы:
Кез келген адам пікірін білдіруге құқылы. Ол мейлі анонимді болсын, мейлі басқа. Тіпті кей оқырмандар сайттарда жарияланған материалдарға пікір қалдыруға құмар. Сол арқылы меніңше сайтта да қаралым көбейеді. Анонимді болсын басқа болсын пікір қалдырып, тақырып талқыланған жақсы. Мұның оқырман мен портал арасындағы қарым-қатынасқа кері әсері болуы мүмкін емес.
Әсем, студент:
Негізі дұрыс болатын еді. Анонимді түрде болған кезде әркім ойын келгенді жазып, дұрыс емес нәрселер жазатын еді. Енді ондай дүниелер азайып, кішкене реттелетін болды! Пікір қалдырғысы келген адам ашық түрде де қалдыра береді ғой.
Алтынай, журналист:
Жағымсыз пікірлердің алдын алу, әрине, әлдеқашан қажетті әрекет еді. Дегенмен ойын жазғысы келген адам жасырынбай-ақ ашық түрде де білдіре береді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА