©
Мұнайлы ауданы тұрғындарының саны 150 мыңға жетті. Маңғыстаудағы ең жас аудан ашылған жылы 43 мың халық болған. Бұл туралы Мұнайлы ауданы әкімі Нұрлан Тәжібаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Аудан басшысының айтуынша, қазір халықтың көпшілігін алыс-жақын шет елдерден көшіп келген қандастар құрап отыр. Халық санының артуына байланысты ауданда балабақша мен мектеп саны да артып келеді.
- 2007 жылы 1 ғана 100 орындық балабақша болатын, қазіргі таңда 40 балабақша жұмыс жасап тұр. Оның 15-і мемлекеттік және 25-і жеке меншік балабақша. Ал аудан құрылған жылдары 4 мектеп болса, қазір оның саны 14-ке жетті, - дейді Нұрлан Тәжібаев.
Өкінішке қарай, ауданда бірнеше мектеп 3 ауысыммен оқытуға мәжбүр. Атап айтсақ, аудандағы Қызылтөбе елді мекеніндегі №6 орта мектеп, Атамекен ауылдық округіндегі №7 орта мектеп, Басқұдық ауылдық округіндегі №9 орта мектепте оқушы саны шамадан тыс көп болып отыр.
Мұнайлыда халық санының күрт өсуінен жаңа мектеп салу мәселесі пайда болды.
- Басқұдық және Қызылтөбе ауылдық округтерінде әрқайсысы 600 орындық орта мектептің құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 3 027,6 млн теңге бөлінді. Атамекен ауылдық округінде 640 орындық №7 орта мектепке және Басқұдық ауылдық округіндегі 960 орындық №9 орта мектепке қосымша әрқайсысы 300 орындық қосымша ғимараттары құрылыс жұмыстарының жобалық сметалық құжаттары жасақталуда. Батыр ауылдық округінен 960 орындық орта мектептің жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға аудандық бюджеттен 5 млн теңге қаржы қарастырылып, «Жастар плюс» ЖШС жеңімпаз болып анықталды, - дейді аудан әкімі.
Аудан халқының тұрмысы да бұрынғы кезбен салыстырғанда әлдеқайда жақсарған деп есептейді Нұрлан Тәжібаев. Брифингте көрсетілген деректерге сүйенсек, 2017 жылдың 1 қарашасында барлық экономикалық қызмет түрлері жұмысшыларының орташа жалақысы 140 260 теңгені құрап, 2016 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 14 026 теңгеге өскен.
Сондай-ақ, кезекте тұрған ауылдарды ауыз сумен қамту мәселесі алдағы жылдарға ығыстырылып отыр. Нақтырақ айтсақ, 2018 жылы Басқұдық, Маңғыстау-4 ауылдарына ауыз су тарту жұмыстарын жалғастыруға 1 016 млн.теңге, Қызылтөбе ауылдық округіне ауыз су тарту жұмыстарын бастауға 432,6 млн.теңге бөлу жоспарланған. Бұдан бөлек, Маңғыстау-3, Маңғыстау-5 елді мекендеріне ауыз су тарту жұмыстары жасақталды. Жобалар құны – 1 млрд. 343,9 млн. теңге. Бұл жоспарлар 2018-2020 жылдарға арналған инвестициялық жобалар тізіміне енгізіліп қойған.
Сонымен жас ауданнан күтер жаңалық көп. Шеттен келген қандастарымызға тегін жер үлестірген жаңа ауданның берекелі өмірі жалғасып келеді.
Айгүл ДӘДЕН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44017,44018,44019"]